ВОЛЕЙБОЛ: «Тараз» тұңғыш рет ел чемпионы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ел біріншілігінің соңғы, төртінші турының ойындары өтуде.

Қазақстанның волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, 21 наурыз күні «Тараз» командасы көш соңында келе жатқан Петропавлдың «Есілін» 3:0 есебімен ұтып, ұпай санын 67-ге жеткізді.

Сөйтіп белгілі беларусьтік маман Виктор Бекша жаттықтыратын тараздықтар қалған ойындардың нәтижесіне қарамастан, айды аспанға шығарып, өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанып отыр.

Екінші орында келе жатқан павлодарлықтар өз алаңында аяқ астынан Оралдың «Конденсат-Жайықмұнайынан» 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Сондай-ақ қола жүлдеден басты үміткер «Атырау» Өскеменнің «ШығысҚорғасынҚұрылысына» 1:3 есебімен есе жіберсе, хромтаулықтар өткен жылғы ел чемпионы «Алматы» командасын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетейік, енді командалардың әрқайсысы үш ойыннан өткізеді. Чемпионат 25 наурыз күні мәреге жетіп, барлық жүлдегерлер анықталады.

Соңғы жаңалықтар