ВОЛЕЙБОЛ: Павлодарда екінші үлкен тур ойындары басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ел чемпионаты екінші үлкен турының ойындары басталады.

Қазақстан волейбол федерациясының сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұдан бұрын Беларусь құрамасын баптап үлгерген Виктор Бекша жаттықтыратын «Тараз» 27 ұпаймен көш басында келеді. Команда құрамына қарағанда, бұл тегін де емес. Орталық тосқауыл қоюшылар Жақсылық Тілеулин мен Ресей құрамасының бұрынғы мүшесі Константин Порошинге қоса тәжірибелі Евгений Быхалов пен Андрей Радюк және бойы ұзын Алексей Романколар «Таразды» алға жетелеуде.

Тараздықтардан жеті ұпайға қалып келе жатқан «Павлодар» өз алаңында барын салары анық. Словакиялық маман Петер Калны Словакия мен Польшадан келген легионерлерге үміт артады. Дегенмен бұл клубта Нариман Сүлейменов, Алмаз Исин, Антон Юдин, сондай-ақ Қазақстан азаматтығын алған байланыстырушы Евгений Драгунов сынды өзінің тәжірибелі ойыншылары да бар.

«ТНК «Казхром» командасы Хромтауда өткен кіші турда ұпай қорын молайтып, 17 ұпаймен алғашқы үштікке ілінді. Украиналық бапкер Сергей Соснин хромтаулықтарды екінші жыл жаттықтырып келеді. Либеро, Орал волейболының түлегі Қайрат Байбеков, Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшылары Максим Мамедов пен Александр Стольников командасын өрге сүйрейтіні анық.

Бұдан кейінгі орындарда 15 ұпаймен «Алматы», «Атырау», олардан бір ұпайы кем «Конденсат-Жайықмұнай» келеді. Әсіресе, көп жылғы ел чемпионы «Алматы» өз ойынын күрт жақсартпаса, биыл бірінші орыннан үмітін үзуі әбден мүмкін. Мұнда өзге командалардағы әріптестеріне қарағанда, байланыстырушылар Сергей Кузнецов пен Виталий Мироненконың шеберліктері жетіспеуде. Руслан Жбанков жаттықтыратын «Атырау» жағдайын біршама түзесе, Игорь Никольченко баптайтын өткен жылғы күміс жүлдегер «Конденсат-Жайықмұнай» жергілікті ойыншыларға иек артуда. Өскемендегі бірінші үлкен турда қарсыластарының бәрін жеңген «ШығысҚорғасынҚұрылыс» кейін Тараздағы екінші кіші турда үш ойында да ұтылып, үшінші орыннан бірден жетіншіге сырғып кетті. Ал соңғы, сегізінші орында келе жатқан Петропавлдың «Есілі» - легионері жоқ бірден-бір команда. Мұнда да жақсы байланыстырушының жоқтығы сезілуде.

Сонымен, 14 қаңтарда мәреге жететін екінші үлкен турда ұлттық лигадағы сегіз команда турнир кестесіндегі өз жағдайларын жақсартуға күш салмақ.

Соңғы жаңалықтар