Волейбол: «Алтай» командасы қатарынан жетінші рет Қазақстан чемпионы атанды

None
Фото: olympic.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІ Қазақстан чемпионатының жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін алтын жүлдені Өскеменнің «Алтайы» мен Талдықорғанның «Жетісу» командасы сарапқа салып жүрсе, бұл жолы жағдай өзгерді.

Финалда Юрий Панченко жаттықтыратын өскемендіктер мен сербиялық маман Дарко Добресков баптайтын «Қуаныш» (СҚО) командасы кездесті.

Бейсенбі күні өткен алғашқы матч аса тартысты өрбіді. «Алтай» мен «Қуаныш» партияны кезек-кезек алып отырды (25:23, 22:25, 26:24, 20:25). Соңғы бесінші сетте «Қуаныш» (команда капитаны Татьяна Алдошина) 14:10 болған мезетте төрт матчболды пайдалана алмады. Есесіне жинақы ойнаған, Сана Анарқұлова бастаған өскемендіктер оларды қапы қалдырып кетті – 16:14.

Бүгінгі ойын да бес партияға созылып, шешуші сетте «Алтай» (25:18, 17:25, 23:25, 25:22, 15:11) басым түсті.

Осылайша, Өскемен командасы қатарынан жеті рет алтын жүлдеге ие болды.

Сегіз дүркін ел чемпионы атанған «Жетісу» командасы қола жүлдені қанағат тұтты. Елена Павлова жаттықтыратын талдықорғандықтар үшінші орын үшін бәсекеде «Ертіс» (Павлодар) командасын 3:0, 3:1 есебімен жеңді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Алтайдың» алты дүркін ел чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Алтай» волейбол клубы қатарынан алтыншы рет ел кубогын ұтып алды.


Соңғы жаңалықтар