Владислав Челах өтініші Бас прокуратураға түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Владислав Челах өтініші Бас прокуратураға түсті. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Владислав Челах өтініші Бас прокуратураға келіп түсті. Қазіргі уақытта тиісті қызмет қылмыстық істі әскери соттан сұрады. Ол түскеннен кейін қосымша зерделейміз. Өйткені бұл іске 10 жыл уақыт өтті. Қажеттілік болса, онда ол тергеледі. Ал одан кейін не болары анықталады», - деді Тимур Тәшімбаев.

Кеше ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Владислав Челахтың Президентке жазған хатына қатысты пікір білдірді.

Еске сала кетсек, 2012 жылы мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні Алматы облысының «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы және бір қорықшы қаза тапты.

Аман қалған он бесінші сарбаз Владислав Челах шекара бекетінен 20 шақырым жерде орналасқан қыстаудан табылды.

Тергеу жұмысы барысында В. Челах басты күдікті ретінде қарастырылып, қамауға алынды.

Оған тергеуші тоғыз бап бойынша айып тақты, соның ішінде «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру», «Жеке заттарды ұрлау», «Құпия құжаттарды ұрлау», «Қаруды ұрлау», «Қаруды заңсыз ұстау», «Әскери мүлікті бүлдіру», «Әскери қызметтен қашу», және «Бөтен біреудің баспанасына заңсыз кіру» баптары бар.

Соңында В.Челах қызметтестерін өлтіргенін мойындап, өмір бойына бас бостандығынан айрылды және Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» түрмесіне жіберілді.

2019 жылы В. Челах бас бостандығынан айыру жазасын алып тастауды, құқығы бұзылғаны үшін 30 млн теңге моральдық шығын өтеуді және істі қайта қарауды сұраған еді.

ҚР Жоғарғы соты бұл шағымды қанағаттандырмады.


Соңғы жаңалықтар