Владимир Путин мен Режеп Тайып Ердоған Таулы Қарабақ келісіміне қатысты пікір алмасты

None
None
МӘСКЕУ–АНКАРА. ТАСС–Анадолы-ҚазАқпарат – Ресей Президенті Владимир Путин мен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында РФ, Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақта атысты тоқтату келісімі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, Владимир Путин түрік әріптесіне 9 қараша күні Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен және Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен жасалған үшжақты келісім туралы ақпарат берген. Режеп Тайып Ердоған Ресейдің бітістіруші тарап ретіндегі күш-жігерін жоғары бағалап, бұл жағдай Таулы Қарабақ қақтығысын реттеудің ұзақмерзімді және бәрін тегіс қамтитын сатысына өтуге жақсы негіз болатынын айтқан.

Екі ел басшысы сонымен қатар атысты толық тоқтатудағы келісімінің маңызын атап өтті. Бұл соғыс қимылдарын тежеуге мүмкіндік берген.

Анадолы агенттігінің жазуынша, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған келіссөз барысында кеше кешкісін Таулы Қарабақ проблемасын түпкілікті шешуге дұрыс қадам жасалғанын айтқан.

Түрік Республикасы Президентінің сөзіне қарағанда, бұл кезеңде ең маңызды мәселе - Арменияның Әзербайжан, РФ және Армения арасында жасалған үшжақты келісімнің талаптарын бұлжытпай орындап, оқ атпауы болып отыр.

Еске сала кетейік, кеше Ресей Президенті Владимир Путин Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын мәлімдеген еді. Аталған құжатқа Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қол қойған.

Онда 2020 жылғы 10 қарашада Мәскеу уақыты бойынша 00 сағат 00 минуттан бастап Таулы Қарабақ аймағындағы атысты және барлық соғыс әрекеттерін толық тоқтату туралы келісім жарияланған.


Соңғы жаңалықтар