Владимир Путин қаңтар оқиғасы кезіндегі ҚР Президентінің берік ұстанымы жайында айтты

Фото: None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президентінің берік ұстанымының арқасында қысқа мерзімде елдегі жағдайды бақылауға алуға, заңдылық пен тәртіпті қалпына келтіруге мүмкін болды. Бұл туралы Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдемеде РФ Президенті Владимир Путин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандағы қаңтар оқиғасынан кейін көзбе-көз алғаш жүздесіп отырмыз. Аталған оқиға мемлекеттің егемендігіне, тұтастығына және тұрақтылығына бұдан бұрын болып көрмеген сын-қатерді төндірді. Шын мәнінде, Қазақстан лаңкестік озбырлыққа тап болды, бұл агрессия ішкі әрі сыртқы деструктивті күштердің тікелей қатысуымен жасалды», - деді В. Путин.

Осы орайда ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берік ұстанымының арқасында қысқа мерзімде жағдайды бақылауға алуға, заңдылық пен тәртіпті қалпына келтіруге, қазақ жеріне бейбітшілікті қайтаруға мүмкін болғанын жеткізді.

Сонымен қатар В. Путин Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) сын-қатерге тиімді әрекет етуге, мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі мен мүдделерін қорғау үшін бітімгерлік күштерді жұмылдыруға қауқарлы екенін көрсеткенін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәскеуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин жоғары деңгейде келіссөз жүргізді.

Сапар аясында бірқатар құжатқа қол қойылды.
Соңғы жаңалықтар