Владимир Божко ауыл мектептерінің жай-күйін сынға алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко ауыл балаларына сапалы білім беру мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдарда халқымыздың 42% тұрып жатыр. Парламент Мәжілісіндегі ҚХА депутаттар тобы барлық тұрғындардың өмірі мен білім беру сапасын, экономикалық әл-ауқатты көрсетудің еліміздегі ұлттық қауіпсіздік пен тыныштықтың кепілі екенін түсінеді. Қазір еліміздегі 7014 мектептің 5285-і ауылдарда орналасқан. Онда республика оқушыларының 46% немесе 1 млн 423 мың 988 бала білім алуда», - деді Владимир Божко ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Елбасы және халқы» кітабының таныстырылымында.

ЭЫДҰ деректеріне сәйкес, сапалы білім беру жүйесі мен мектеп ғимараттарының жай-күйі балалардың үлгеріміне тікелей ықпал етеді.

«1283 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан, 696 (13%) мектепте еш жағдай жасалмаған. 1644 (31%) мектеп суды сырттан тасиды, 2357 (45%) мектептің дәретханасы сыртта орналасқан. Мектептердің 53% пеш жағады. Менің ойымша, біз ауыл мектептерін жаңа кабинеттермен жасақтай алмай отырмыз, компьютерлердің 33% жаңарту қажет», - деді депутат.

Сонымен бірге, депутат ауылдағы спортты дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.

«Ауыл балаларына футбол алаңдары, бассейндер мен ойын залдары ашылады, күте тұрыңдар деп айтуға болмайды. Қазір әкімдіктердің біздегі футбол клубтарында ойнап жүрген «африкалық балаларға» қандай қаржы жұмсап жатқаны жасырын емес. ҚХА депутаттары мен Парламенттің өзге фракциялары бірнеше рет Мәдениет және спорт министрлігін бұқаралық балалар спортына, әсіресе ауылдағы спортқа көңіл бөлуге шақырдық. Алыс елдерден қымбат бағаға сатып алғанша, өзіміздің спортшыларды тәрбиелейік», - деді В. Божко.

Соңғы жаңалықтар