Владимир Беккер «Хан-Шатырдағы» бала өліміне қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер «Хан-Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында болған қайғылы жағдайға тоқталып, ата-аналарға үндеу тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитет өкілі балалардың қауіпсіздік ережелеріне сергек қарауы ата-анасына байланысты екенін айтты.

«Елордада қыдыру үшін шыққан жанұя аяқ астынан баласынан айырылып қалды. Ата-ана деген баласын қайда апара жатқанын ойлауы керек қой. Баламызды «кімге сеніп тапсырып жатырмыз», «онда қауіпсіздік ережелері сақтала ма» деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. Әрине, бұл үлкен трагедия. Әр баланың қазасы - орны толмайтын өкініш. Қаралы мәліметтерді қарап жағамды ұстаймын. 2016, 2017, 2018 жылы туған сәбилер терезеден құлап, мерт болып жатыр. Аптасына 4-5 рет сондай оқиға тіркеледі. Дәл сол балаларға ата-аналар қарамағанда кім қарауы керек? Терезені тормен қалқалау аса қымба та емес. Қауіпсіздікті сақтаудың түрлі жолдары көп. Ертең сол бір салғырттық үлкен өкінішке әкеледі», - дейді Владимир Беккер.

Ол мұндай жағдайлардан ешкімнің сабақ алмай жатқанына өкінішін білдірді.

«Бір ғана жауапсыздық қандай өкінішке әкелетінін түсінетін кез жетті. Кейін сол үшін өмір бойы өзіңізді кешірмей кетуіңіз мүмкін. Мен барлық ата-аналарға айтқым келеді. Тұрғымбаев та, Беккерде де ешкімнің терезесіне тор құрып бермейді. Өз балаларыңыздың қамын өздеріңіз де ойлаңыздар. Мектепте баланы қанша оқытсақ та, қоғамдық шараларда қанша түсіндірсек те, ертең әкесі баланың көзінше бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсе, ойы бұзылады. Осындай немқұрайлы әрекеттер үлкен өкініштерге әкеп алып келуі әбден мүмкін», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар