Владимир Беккер Ақмола облысындағы су тасқыны жағдайы туралы айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Ақмола облысындағы тасқын жағдайы қандай қауіп тудырып тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ТЖК баспасөз қызметінен хабарлағандай, 7 сәуір күні Астрахан ауданында Колутон өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ескі Колутон ауылындағы 20 ауланы су алып кеткен.

«Аулалардағы су деңгейі 30 сантиметр болып отыр. Бүгін болжам бойынша Колутон мен Ескі Колутонда су деңгейінің көтерілуі шырқау шегіне жетуі керек. Астрахан ауданы бойынша Колутон, Ескі Колутон және Ягодная ауылдары бойынша жағдай күрделі болып тұр. Ескі Колутон автокөлік байланысынан үзіліп қалды», - дейді Владимир Беккер ведомствода өткен брифингте.

Комитет төрағасы өз сөзінде су тасқынымен аталған өңірде күрес қалай жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.

«Жергілікті әкімдіктің және ТЖК бөлімшелері қызметкерлерінің күшімен инертті материалға толтырылған 3 200 қап қойылды. 1 500 метрге дейінгі жер қоршалды. Осы атқарылған шаруаларды арқасында тұрғын үйлерді су алып кетуге жол берілмеді. 8 сәуір сағат 11.00-дегі жағдай бойынша судың 3 сантиметрге азайғаны анықталды», - дейді спикер.

Сонымен бірге, Владимир Беккердің айтуына қарағанда, тұрғын үйлерге су алып кетпес үшін қазіргі уақытта үй маңдарын құм толтырылған қаппен қоршау жұмыстары атқарылуда. Су басу қаупі бар ауылдарға қор ретінде алдын ала азық-түлік мен алғашқы қажетті керек-жарақтары жеткізіліп қойған.

Аталмыш жұмысқа «Колутон» ЖШС-ның 17 адамы, ТЖБ қызметкерлері, 7 арнайы техника мен 1 қайық жұмылдырылған.

«Бурабай ауданында қолға алынған шаралардың арқасында «Климовская» су қоймасындағы су деңгейі 59 сантиметрге жетті. Ол жерде қауіп тудыруы мүмкін деңгей - 120 сантиметр. Төртінші қосымша айналманың арнасы кеңейтілді», - дейді ол.

Еске сала кетсек, өткен айдың соңында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Ақмола және Қарағанды облыстарында су басу қаупі бар аумақтарда алдын алу шаралары мен қауіптерді жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді.

Өз кезегінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев су тасқынымен жүргізіліп жатқан күреске қатысты пікір білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар