Виза саясаты туризмге тұсау салмауы керек - Ая Құсайынова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының басшысы Ая Құсайынова ішкі туризмді дамыту мәселелерін талқылаған жиында виза саясатын жеңілдетпей, туризмді дамыту мүмкін еместігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Виза беру тәртібін оңтайландырудың маңызы зор. Биылғы өзгерістердің өзі туристер санын елеулі мөлшерде арттырғанын көріп жүрміз. Алысқа бармай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының өзінен көпшілік орындарда шетел азаматтарының көбейгенін байқауға болады. Сондықтан виза саясаты туризмнің аяғына тұсау болмауы керек» - деді Ая Құсайынова.

Қауымдастық өкілінің айтуынша, «Kazakh Tourism» компаниясының отандық туроператорларға бет бұруы ішкі туризмнің дамуына сеп болмақ.

«Бұған дейін мемлекет тарапынан шетелдік компаниялардың назарын аударуға көп күш жұмсалды. Отандық операторлар көлеңкеде қалғандай болған. «Kazakh Tourism» біздің үнімізге құлақ асып, тұңғыш рет отандық операторлар үшін тур ұйымдастырып отыр. Осының арқасында жергілікті туристік компаниялар шетелден мейман шақыруға әуреленбей, ішкі туристерге бағытталып жұмыс істей бастайды», - деді Ая Құсайынова.

Сондай-ақ, ол Қазақстанға туристер тартуда жүйелілік жетіспейтінін айтты.

«Жарнама алғашында нақты бірнеше мемлекетке ғана бағытталуы керек. Ал инфрақұрылым мен сервис сапасы туристер саны көбеймейінше қалыпқа түспейді. Жергілікті бизнес нысандары мен қызмет көрсетуші компаниялар, ауылдағы кәсіпкерлер туристен пайда түсетінін көргенде ғана қызмет сапасын арттыруды ойлай бастайды» - деді Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының басшысы.

Соңғы жаңалықтар