Вирустан зардап шеккен пайдаланушыларға қолдау көрсетіледі - ресми өкіл

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің аясында жұмыс істейтін www.cert.kz сайты WannaCry вирусынан зардап шеккен мемлекеттік органдардың, компаниялардың ғана емес жеке азаматтардың да өтінімдерін қабылдайды. Бұл туралы бүгін Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ресми өкілі Альбина Атен хабарлады.

Еске сала кетсек, 12 мамыр күні MS Windows-тың барлық нұсқаларына бағытталған WannaCry вирусы жаппай шабуыл жасады. Аз ғана уақытта вирус әлемнің 150 еліндегі 200 мың компьютерді зақымдап үлгерген. Қазақстандағы ірі компаниялардың компьютерлері де вирустық шабуылға ұшырады. 13-16 мамыр күндері Қазақстанда жүзден астам компьютерлердің WannaCry вирусын жұқтырғаны жайлы хабарланды.

«Аталған вирустан зардап шеккен ұйымдардан және жеке азаматтардан министрлікке келіп түскен хаттар мен қоңыраулар толастар емес. Осы орайда, Қазақстанда компьютерлік оқиғалар бойынша ақпаратты жинап, талдау жасайтын, компьютерге төнген қауіптің алдын алуда техникалық және кеңес беру қызметін көрсететін www.cert.kz сайтының жұмыс істейтінін еске салғым келеді. Вирустық шабуыл бойынша соңғы жаңалықтар осы сайтқа жүктеліп отырады. Министрлік аясындағы бұл қызмет вирустан зардап шеккен мемлекеттік органдар мен компанияларға ғана емес, жеке азаматтарға да көмек көрсетеді. Зардаптардан қорғану үшін және қажетті ақпарат алу үшін сайтта көрсетілген байланыс телефондарына хабарлассаңыз болғаны», - деді министрлік өкілі.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілінің апта сайынғы брифингі өтті. Онда аптаның ең маңызды іс-шаралары туралы хабарлама берілді және орталық мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары мен ресми өкілдері журналистер қойған сауалдарға жауап берді .

 
Соңғы жаңалықтар