Вируспен күресте біз біргеміз – Қытай дәрігерлері

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгінде эпидемиологиялық ахуал күрделі өңір – Алматыға Қытайдан медицина мамандары келді. Шетелдік сарапшылар коронавируспен күресте тәжірибе бөліседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін пульмонология, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау саласының 10 білікті маманы Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің ұжымымен, Алматы әкімдігінің өкілдерімен, ҚР ДСМ өкілдерімен видео кездесу өткізді.

Онлайн режімде өткен кездесу барысында университет басшысы Талғат Нұрғожин қытайлық дәрігерлерге тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс білдірді.

«Біз Қытайлық әріптестеріміздің келгеніне қуаныштымыз. Сіздердің тәжірибелеріңіз біздің елдегі дертпен күреске септігін тигізеді деп сенеміз. Сіздерден әлде де диагностика мен емдеу туралы мағлұмат білгіміз келеді», - деді Талғат Нұрғожин.

Жиын барысында қалалық Қоғамдық денсаулықсақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев қаладағы эпидемиологиялық ахуалды баяндап берді.

«Қазір Алматыда коронавирустың 525 жағдайы тіркелген. 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 25,6% болыптұр.

Байланыста болғандардың 90%-нан вирус табылды. 85 адам жазылып шыққан. Бұл ауырғандардың шамамен 16,6%-ы болып тұр. Бірінші жағдай тіркелгелі бері Алматыда жұғу деңгейі 2-58 % аралығында болып тұр. Көпшілігі 13,14 сәуір күндері анықталған. Ауру көрсеткіші толқынды түрде көрініс беріп келеді. Алматыда 6 зертханада ПЦР тәсілімен диагностика жасалып жатыр. Олар күніне 1500 зертханалық талдау жасай алады. Қалада инфекциялық стационарларда 800 төсек орын бар. Қазір олардың 54 %-ы ғана толған. 5 адам қайтыс болса, 85 адам жазылып шықты. Оның 4-і бала», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Қытайдан келген медицина мамандары Алматы дәрігерлерінің коронавируспен күрес деңгейін өте жоғары бағалады.

Олар диагностика мен емдеу саласының қай облыстарында жұмысты күшейтуге кеңес берді.

«Алдымен байланыста болған адамдарды тап басып анықтау керек. Диагностикалық мүмкіндікті күшейту керек. Алматыда жұқтырған адамдардың тең жартысы медицина мамандары екен. Оларды қорғаныс шараларына үйрету керек», - деді қытайлық мамандар.

«Әріптестерімнің пікірімен келісем. Бас санитарлық дәрігердің тапсырмасымен қаладағы барлық медициналық мекемелер провизорлық режімге көшеді. Барлық медицина мамандары жеке қорғаныс құралдарымен қамтылатын болады. Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігінің госпитальдерін қосқанда төсек орынды 1000 – ға жеткізе аламыз. Сонымен қатар 280 орынға арналған модульді госпиталь салынып жатыр. Зертханаларда талдау мүмкіндігін күніне 3000 тестке жеткізе алады», - деді басқарма басшысы Т.Әбілдаев.

Қытайлық мамандар видеоконференция соңында қазақстандықтарға вирусты жеңіп шығуға тілек білдірді.

«Вирус шекараны білмейді. Вируспен күресте біздің достығымыз айқындала түспек», - деді шетелдіктер.


Соңғы жаңалықтар