VII халықаралық ретро-раллиіне қатысушылар Ақмола облысында болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - VII халықаралық «Бейжің-Париж» ретро-раллине қатысушылар Ақмола облысында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысының «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығының мәліметінше, дәстүрлі, беделді VII халықаралық «Бейжің-Париж» ретро-раллиі биылғы жылы Қазақстан аумағынан өтуде. Оған қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласы, Бурабай мен Сандықтау кенттерінде болды. Бұдан әрі жол бойында Балкашино ауылына соқты.

Ретро көліктерден құралған «Бейжің-Париж» халықаралық раллиіне әлемнің әр елінен көптеген көрермен жиналады. Автошеруге 30 мемлекеттен 120 раритетті экипаж қатысады. Марафон маусымның 2-де Қытай елінің астанасында бастау алып, шілденің 7-де Парижде мәресіне жетеді. Осы аралықта авто марофонға қатысушылар 12 мемлекетті басып өтіп, 14 994 шақырымды артқа тастайды. Қазір ралли қатысушылары Қытай, Моңғолия, Казақстан аумағынан жүріп өтті. Алда Финляндия, Эстония, Латвия, Польша, Германия, Бельгия және Франция елдері бар.

««Бейжің - Париж» раллиі нағыз төрт дөңгелектегі мұражай. Мұндағы ең соңғы шыққан автокөлікті 1974 жылы құрастырылған. Ең көнесі - 1915 жылғы. «Форд», «Бэнтли», «Мерседес», «Роллс-Ройс», «Шевроле» және «Порше» сияқты автомобильдерге де 100 жыл болған», - деп мәлім етті Ақмола облысының «Visit Aqmola» туристік ақпараттық орталығынан.

Соңғы жаңалықтар