Вице-спикер Д. Назарбаева Малайзия мен Иорданияның елшілерін қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Малайзияның және Иорданияның Қазақстандағы елшілері Дато Хидайат Абдул Хамид және Слайман Арабиатты қабылдады.

Шетелдік дипломаттармен әңгіме барысында екіжақты қарым-қатынастың бүгіні мен болашағы талқыға түсті. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Әңгіме барысында Вице-спикер малайзиялық елшіні қызметке тағайындалуымен құттықтай отырып, Малайзия Премьер-министрі Разак мырзаның Астаналық Экономикалық форум аясында Қазақстанға жасаған ресми іссапары екіжақты қатынастың дамуына, сонымен бірге, халықаралық ұйымдардағы бірлескен ынтымақтастыққа тың серпін беретіне тоқталып өтті. Жүздесуде сондай-ақ, «Болашақ энергиясы» тақырыбымен Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне де назар аударылды.

Түрлі халықаралық ұйымдар мен аймақтық құрылымдар аясында өзара іс-қимылды нығайту иорданиялық елшімен жүздесу барысында да назардан тыс қалмады. Слайман Арабиатпен әңгімеде бүкіл әлемде ядролық қаруды таратпау және ядросыз аймақ құруға қатысты сыртқы саяси бейбіт бастамалардың маңыздылығы да тілге тиек етілді.

Сонымен қатар, парламенттік интеграцияның, атап айтатын болсақ, ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтар түріндегі байланыстың өзектілігі сөз етілді.

Кездесуге Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты.

Соңғы жаңалықтар