Вице-министрге Қызылорда облысында көкпар спортын дамыту ұсынысы жеткізілді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат –Ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін барлық жағдай жасалып, ұсыныстар қашан да қабылданады. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Вице-министр Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тұрғындармен кездесті.

Жиынды Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов жүргізіп, өңірдің спорт саласындағы жетістіктері мен даму динамикасына қысқаша тоқталып өтті.

Сондай-ақ кездесуге облыстық Мәдениет және спорт басқармасына қарасты мекеме басшылары, жаттықтырушылар, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сәрсен Құранбек өз сапарының басты міндеті елімізде жүріп жатқан реформалар туралы халықты ақпараттандыру, мемлекеттік органдардың ел тұрғындары алдындағы жауапкершілігі мен жұмысын күшейту екендігін айтты. Осы орайда ол министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Кездесуден соң вице-министр қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, тұрғындарды жеке қабылдады.

Сонымен қатар «NAMAN ATA» спорт кешенінің құрылтайшысы Мұрат Сәрсенбаев министрлік өкілін кешен жұмысымен таныстырды.

Кешенде Сәрсен Құранбек жаттығу өткізіп жатқан балалармен сұхбаттасты. Оларға ел намысын қорғап, чемпион атануға тілектестігін білдірді.

Вице-министрдің соңғы нысаны Жаңақорған ауданынының жергілікті спорт кешені болды. Мұнда ол гандбол, баскетбол және үстел теннисімен айналысатын жас спортшылармен кездесті. Кейін аудандық ипподромдағы көкпаршылардың жаттығуын тамашалап, олардың жетістіктері мен алдағы жоспарлары жайлы ақпарат алды.

Сәрсен Құранбек көкпар спортын дамыту бойынша аудандық спорт саласы басшыларының білдірген ұсыныстарын қолдап, елімізде ұлттық спортты дамыту мәселесі қашан да алдыңғы орында тұруы қажет екендігін атап өтті. Сондай-ақ ол министрлік тарапынан ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін барлық жағдай жасалып, ұсыныстар қашан да қабылданатынын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар