Вице-министр: ЖОО онлайн оқу форматының заңнамалық мәселесі пысықталуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жоғары білім алудың онлайн-оқыту форматын заңнамалық бекіту мәселесі пысықталуда. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев желдегі парақшасында жазды.

«Жоғары білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін онлайн-оқыту форматын заңнамалық бекіту мәселесі пысықталуда. Осының арқасында шетелдік студенттер тартылатын болады, жастардың шетелге кетуі қысқарады, оқу корпустары мен жатақханаларды күтіп-ұстауға жұмсалатын қаржы шығындары қысқарады. Онлайн-оқыту сапасын қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарының цифрлық ресурстарына, білім беру бағдарламаларының контентіне, ПОҚ дағдыларына қойылатын жекелеген талаптар әзірленетін болады. Оқуға түсу кезінде тренингтер өткізу арқылы білім алушылардың онлайн-оқуға дайындығына ерекше назар аударылатын болады», - деді вице-министр.

Сонымен қатар елімізде жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін кеңейту саясаты жалғастырылады.

«Жоғары оқу орындарына түрлі тілдерде оқытылатын пәндердің пайыздық арақатынасын анықтауда толық дербестік беріледі. «Микросанаттар», «нано-дәрежелер», «кеңейтілген дәрежелер (Stackable degree)» ұғымдары енгізіледі. Оқу үрдісінде практик-мамандардың санын көбейту жоспарлануда. Жоғары оқу орындары қорытынды аттестаттауды өткізу түрін өз бетінше анықтай алады», - деді Қуаныш Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар