Вице-министр жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалатын шабуылға қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалатын шабуылға қатысты пікір білдіріп, мәселенің қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алексей Цойға жедел жәрдем қызметкерлерінің зардап шегіп жататынына қатысты сұрақ қойылған еді.

«15 қаңтарда Астанада жедел жәрдем бригадасына шабуыл жасалды. Сол кезде фельдшердің басынан жарақаттанғаны белгілі болып отыр. Осы жағдайға байланысты қандай ақпараттарыңыз бар? Мұндай жағдайлар елімізде қаншалықты жиі кездеседі? Бұл мәселемен қалай күресуге болады?» - деген сұрақ қойылды Алексей Цойға.

Вице-министр бұл сұраққа жауап бере келе, өкінішке қарай, ондай жағдайлар кездесетінін айтты.

«Денсаулық сақтау болсын, басқа сала болсын мұндай жағдайлар тіркеліп жатады. Құқық қорғау органдары мұндай жағдайларға өз бағасын бере жатар. Бізде заңнама бойынша қылмыстық кодексте де, әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде де бұл тұрғыда жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан, бұл құқықтық алаң. Әлбетте, бұл бізді қуантпайды. Бәлкім, адамдар эмоционалды болуы немесе басқа жағдайда адамдар ашуға берілуі мүмкін. Бұдан ешкім де сақтандырылмаған. Өкінішке қарай, осындай жағдайлар кездеседі. Бірақ, мұндай уақытта бізге құқық қорғау органдарының адамдары келіп, іске өз бағасын береді», - деп жауап берді Алексей Цой.

Еске сала кетсек, ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшин тұрғындар міндетті түрде қызылшаға қарсы екпе жасатуы керектігін хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар