Вице-министр жалға берілген баспананы 20 жылдан кейін ғана жекешелендіру жобасын ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Сенаттың үкімет сағатында жалға берілген баспананы 20 жылдан кейін ғана жекешелендіру жобасын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламент депутаттары мен түрлі қоғамдық ұйым өкілдері сатып алу құқығынсыз жалға берілген және жалғыз тұрғын үйі «апатты» деп танылған азаматтарға тұрғын үйді жекешелендіруге құқық беру мәселесін көтеріп жүр.

2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік осал топтарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана берілді.

Біз ұсынған заң жобасына Парламент депутаттары түзету ұсынып отыр. Сол бойынша Үкіметтің тиісті қорытындысы дайындалып, Мәжіліске енгізіледі.

Жалпы, бұл түзетулер қолдау тауып отыр. Жекешелендіру тұрғын үйдің нарықтағы құны бойынша жүзеге асады. Ұсыныс болашақта Парламентте пысықталатынын атап өткім келеді», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, келешекте жалға берілген баспананы 20 жылдан кейін жекешелендіруге мүмкіндік беретін тетік ойластырылып жатқанын атап өтті.

«Алдағы уақытта кезекте тұрғандарға 20 жылға дейін жалға берілетін баспананы сатып алу құқығын беру механизмі қарастырылуда. Әкімдіктер жалға беретін тұрғын үйді Қазақстандық тұрғын үй компаниясының балансына беру ұсынылады.

Кезекте тұрғандар, тұрғын үй жағдайын нашарлатпай, жалдау ақысын толық төлегеннен кейін тұрғын үй иесі атануға толық мүмкіндік алады.

Бұл ұсыныс Парламент қабырғасында одан әрі жетілдірілетінін атап өткім келеді.

Тұрғын үй саясатын реформалаудағы пысықталып жатқан тәсілдер бұл нақты соңғы шешім емес. Сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша ол талқылау барысында өзгеруі мүмкін», - деді Еркебұлан Дауылбаев.


Соңғы жаңалықтар