Вице-министр шипажайға жолдама берудегі өзгерістер туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мүмкіндігі шектеулі жандарды сауықтыру мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Санаторий-курорттық емдеу орнын таңдау мемлекеттік сатып алулар арқылы жүзеге асырылады. Нысан міндетті түрде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуы керек. Мәдениет және спорт, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, бұл нысандарды қызмет көрсетушілер тізбесіне тіркелуін және қолжетімділік паспортының болуын міндеттеуді көздеп отырмыз», - деді вице-министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылған соң, адамдар санаторийге таңдау жасай алады.

«Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандар таңдау жасай алмайды. Қай жері ауырса да, Қотыркөлге жіберіледі. Портал іске қосылғанда, адам өз денсаулығына қарай шипажай таңдай алады. Тірек-қимыл жүйесі бұзылса, Мойылдыға немесе балшықпен емдеуге болады дегендей. Қазір бұл мәселе порталдың жұмысына тікелей байланысты», - деді Светлана Жақыпова.

Айта кетейік, 2019 жылдың 1 шілдесінде Әлеуметтік қызметтер порталы пилотты түрде Ақтөбе қаласында іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар