Вице-министр Ресеймен бірлескен «газ одағы» туралы: Бұл әзірге идея ғана

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко Өзбекстан, Қазақстан және Ресейдің бірлескен газ одағын құру туралы ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан, Өзбекстан, Ресей арасында «үштік газ одағы» құрылатыны туралы ақпарат тарап жүр. Біз бұл газ одағын құруға келісеміз бе?» деп сұрады БАҚ өкілі министрдің орынбасарынан.

«Мемлекет басшысының пікірін естіген шығарсыздар. Ол аталған идеяны әлі мұқият зерделеу керек деген болатын. Бұл әзірге идея ғана. Дипломатияда көптеген идеялар айтылады. Сондықтан ондай идеялар мемлекеттік шешім шықпай тұрып мамандардың тыңғылықты назар аударуына лайық. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл идеяны сарапшылар зерттеп, шешім қабылдаушылар да жан-жақты зерделейді», - деді вице-министр.

Еске сала кетейік, апта басында Қазақстан мен Ресей президенттері Кремльде «үштік газ одағын» құру мәселесін талқылаған болатын.


Соңғы жаңалықтар