Вице-министр Ресейде «Болашақпен» оқу туралы: Бұл қазақстандықтардың әлемнің жетекші ЖОО оқи алмайды дегенді білдірмейді
2022 жылғы 13 ақпан 14:28

Вице-министр Ресейде «Болашақпен» оқу туралы: Бұл қазақстандықтардың әлемнің жетекші ЖОО оқи алмайды дегенді білдірмейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Ресей университеттерінің филиалдарын ашуға қатысты сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір елімізде Ресей университеттерінің филиалдарын ашуға қатысты көптеген сын-пікірлер айтылып жүр. Егер бұл конструктивті сын болса, сарапшылардың ақылға қонымды талдауы болса, келісемін, біз оған әрдайым ашықпыз. Алайда, көбінесе субъективті және біржақты пікірлер айтылып жүр, бұл қоғамда теріс әсер қалыптастыруы мүмкін», - деп жазды Қ. Ерғалиев Facebook желісінде.

Вице-министр стратегиялық әріптестік, ең алдымен, екі тарап үшін де өзара тиімді ортақ мақсаттар мен мүдделерге қол жеткізуге бағытталғанын түсіну керегін айтты.

«Мәселен, Мемлекет басшысының Ресей Федерациясына жақында жасаған жұмыс сапары аясында қазақстандық делегация құрамында мен Мәскеуге бардым. Сапар қорытындысы бойынша ресейлік әріптестермен, оның ішінде Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі және Ресейдің Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Меморандум ҚР аумағындағы жетекші ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды, сондай-ақ Ресейде қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдіктерін тең негізде ашуды көздейді, бұл екі тарап үшін де тең құқықтар мен жағдайларды білдіреді», - деп жазды ол.

Екіншіден, мемлекет тарапынан білім беру қызметін лицензиялау ережелеріне сәйкес, барлық сапа стандарттары сақталатын болады. Яғни, ҚР аумағында филиалдарды ашу кезінде ресейлік жоғары оқу орындары кадрларды даярлау бойынша лицензиялауға қойылатын қазақстандық талаптарды сақтайтын болады, қос лицензиялау қарастырылады. Бұл екі елдің өзара мүдделері ескерілетін өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын мысалы.

«Үшіншіден, мен бұған дейін инженерлік-техникалық бейіндегі жоғары білікті кадрлардың қажеттілігін ескеріп, Қазақстандағы жетекші ресейлік ЖОО-лардың филиалдар желісін кеңейту және Ресейде Болашақ бағдарламасы бойынша мамандар даярлау жоспарланғанын жазған едім. Алайда, бұл біздің студенттер әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында оқи алмайды дегенді білдірмейді. Олар әлі де әлемнің 27 елінің 200-ден астам университеттерінде үздік білім алу мүмкіндігіне ие. Яғни қазақстандық студенттер үшін РФ университеттері ЖОО таңдау кезінде қосымша балама болады.

Төртіншіден, инженерлік дамудың қалыптасу кезеңінде Ресей әлемдегі жетекші инженерлік державалардың үштігіне кірді. Біз бәріміз ұзақ уақыт бойы Кеңес Одағы, содан кейін Ресей аэроғарыш, зымыран, ядролық физика және инженерия саласындағы көшбасшы болған тарихи фактілердің куәсі болып отырмыз. Тарихта бүкіл әлемдегі адамдар үшін спутник адамзаттың жаңа дәуірінің, ғарышты жаулап алу дәуірінің басты көрінісі болды. Бүгінгі таңда ресейлік мамандардың технологиялық жетістіктері артып келеді. Тиісінше, Ресейлік оқу орындарында кадрлар даярлау батыстық білімнен еш кем түспейді», - дейді Қ. Ерғалиев.

Бесіншіден, вице-министр Ресей жоғары оқу орындарында алған білім шетелде жоғары бағаланатынын атап өтті.

«Жеке тәжірибемнен растай аламын, АҚШ-тағы оқу кезінде мен көптеген ресейлік жоғары оқу орындарының түлектерін кездестірдім, олар іргелі базалық білімнің арқасында магистратура және PhD бағдарламаларын оңай игеріп әкететін. Батыс университеттері де Ресей университеттерінде оқыған студенттердің білімін бағалайтынына бірнеше рет куә болдым, бұл алынған білімнің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Ресей университеттерінің дипломдары әлемнің көптеген елдерінде растауды қажет етпейді. Ресейлік университеттердің филиалдарын ашу білім беру нарығына да, отандық университеттердің дамуына да жаңа серпін береді. Біздің жоғары оқу орындарымыз білім беру сапасын жақсартуға ұмтылып, бәсекелестікті күшейтеді және халықаралық жоғары оқу орындарынан кем болмай, инфрақұрылымды дамытуға инвестициялауды бастайды», - дейді Қ. Ерғалиев.

Оның айтуынша, қабылданып жатқан шаралар отандық жоғары білім берудің әлеуеті мен сапасын арттыруға, ғылыми және академиялық экожүйені дамытуға оң ықпал ететініне, сондай-ақ жоғары оқу орындарын білім мен ғылымға инновациялық тәсілдер мен әлемдік стандарттарды енгізуге ынталандыратын болады.

«Осылайша, бұл шаралардан біздің жастар тек қана ұтады. Қазақстандық білім берудің бәсекеге қабілеттілігі артады, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярлау күшейтіледі, жоғары білім беру сапасы жақсарады және көптеген түлектер таңдаған мамандықтар бойынша жұмысқа орналаса алады. Жақында біздің балалар Ресейдің жетекші университеттеріндегі білім сапасы мен деңгейін іс жүзінде бағалайтынына сенімдімін», - деді Қуаныш Ерғалиев.

Еске салсақ, Президент бұған дейін Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлауды тапсырған еді. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Болашақ» бағдарламасы трансформацияланады деді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT