Вице-министр Елдос Рамазанов Көкшетаудың спорт нысандарының жағдайымен танысты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Жолдауындағы міндеттерді түсіндіру мақсатында Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген үкіметтік жұмыс тобы мүшесі ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Елдос Рамазанов Көкшетау қаласындағы спорт нысандарының жағдайымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқжетпес» стадионында болған вице-министр спорт нысанының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жеңіл атлеттерге арналған манежді аралап көрді. Бір кездері жекенің қолына өтіп кеткен нысан ұзақ уақыт жөндеу көрмей жүдеп тұрған еді. Өткен жылы 147 миллион теңге қаржы бөлініп, нысан мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл 236 миллион теңге қаржы бөлініп, нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі заманға сай манежде спорт жарыстарын өткізуге, атлеттердің жаттығуына қажетті жағдайлардың бәрі жасалған.

Сонымен бірге, Елдос Рамазанов облыстық №7 мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебіне, теннис орталығына барып, одан әрі «Оқжетпес» балалар және жасөспірімдер футбол мектебінің спорт залында болды.

Вице-министр осы орайда, балалардың спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалып отырғандығына тоқтала келе, жалпы, облыс бойынша спорт кешендерін жабдықтап, дамыту тұрғысында оң өзгерістер бар екендігін атап өтті.

«Еліміздің ертеңгі тізгін ұстары қазір мектеп қабырғасында білім алып жатқан жас ұрпақ десек, олардың дендері сау, шыныққан, шымыр болып өсуіне жағдай жасау керек. Ол үшін спорт нысандарының жастар үшін қолжетімділігін арттырған маңызды», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар