Вице-министр дұрыс тамақтанудың тәртібі туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров еліміздегі азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігіне тұрақты бақылау жүргізу жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылдан оқушылардың тамақтану рационы бойынша елдегі мектептердің 53 пайызына бірыңғай стандарт әзірленген. Бизнес пен мектептердің өзара іс-қимылын, қоғамдық бақылау жүргізуді көздейтін мектеп асханаларын жаңғырту жөніндегі жоба іске асырылуда. Жалпы білім беретін мектептерде тәтті және газдалған сусындарды сатуға тыйым салынған. Ас тұзын йодтау бойынша, ұнды және басқа да бірқатар азық-түліктерді минералды-дәрумендік кешенмен байыту бойынша іс-шаралар жүргізілуде», - дейді вице-министр балалардың дұрыс тамақтануы жүйесіне арналған елордадағы симпозиумда.

Қамалжан Надыровтың айтуына қарағанда, денсаулық сақтау саласындағы бизнесті жетілдіріп, қоғамдық денсаулықты бекемдеу мақсатында цифрлық технологияларды біріктіру мүмкіндіктері қолға алынған. Мысалы, денсаулықты, тағамның жеткізілуін, спорттық нысандарды, сауықтыру және фитнес-орталықтарды бақылайтын мобильдік қосымшалар қызмет етеді. Дұрыс тамақтануды ынталандыратын жағдай құру үшін ірі сауда супермаркеттерінде «Дұрыс тамақтануға арналған азық-түлік» сөрелері ұйымдастырылуда.

«Бүгін Қазақстанның денсаулық сақтау саласы қымбат тұратын стационарлық емдеуден гөрі аурулардың алдын алуға, қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту бағытына ден қойып келеді. 2018 жылғы медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша елорда декларациясы денсаулықты профилактика арқылы сақтауды және нығайтуды басымдық ретінде жария етті. Бұл қоғамдық денсаулық сақтау саласының негізгі функцияларының бірі болып табылады. 2019 жылдың ақпанында Мемлекет басшысы Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау және медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметіне кететін шығыстарды жалпы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемінен 40-тан 60 пайызға дейін ұлғайтуды тапсырды. Заңнама жетілдірілуде. Сәуір айының соңына дейін Үкіметтің қарауына дұрыс тамақтану саясатын қалыптастыру шаралары қарастырылған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің жаңа редакциясы енгізілетін болады», - дейді ол.
null

Вице-министр өз сөзінде қазіргі уақытта нан-тоқаш өнімдеріндегі тұз мөлшерін азайту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, өндірушілер өнімдердегі тұз мөлшерін азайту үдерісіне жұмылған.

«1 келі ұнға нандағы тұз мөлшерін 5 граммнан 2 граммға дейін азайту бойынша келісімге келдік. Осындай жұмысты сүт өнімдеріндегі қант мөлшерін азайту мақсатында жүргізу жоспарланып отыр», - дейді Қамалжан Надыров.

Айта кетсек, бүгін елордада Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Армения, Грузия және Әзербайжан Парламенті депутаттарының, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру министрліктері өкілдері бас қосты. Симпозиум барысында балаларға арналған дұрыс тамақтану жүйесін қамтамасыз ету және оны басқаруды жақсарту үшін өзара іс-шаралар жайлы талқылап, оларды бекітетін болады.
null

Аталған шараны Дүниежүзілік БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы мен азық-түлік бағдарламасының қолдауымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырып отыр.

Соңғы жаңалықтар