Вице-министр: Бірқатар анықтаманы жоюға бизнес әлі дайын емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кейбір анықтамаларды қолданыстан алып тастау бойынша кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің министрдің басшылығымен ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. Онда барлық мемлекеттік органның, «Атамекен» ҰКП, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енеді. Негізі мекенжай анықтамасы деген – жойылатын құжаттардың алғашқысы ғана. Себебі, ол ең көп сұралатын анықтама. Басқа анықтамаларды да алып тастау бойынша кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда мемлекет (мемлекеттік органдар- авт.) бірқатар анықтаманы алып тастауға әзір. Бірақ, олар бизнес үшін керекті болып тұр. Мәселен, банктер несие берген жағдайда мүліктің немесе салықтың бары туралы анықтаманы талап етеді. Ал түптеп келгенде банктер ол құжаттарды ақпараттық жүйеден ала салуы керек. Яғни, банктердің ақпараттық жүйеге қолы жеткеннен кейін біз бірқатар анықтаманы жоямыз», - деді Абылайхан Оспанов Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 28 түрлі анықтама мекенжай анықтамасы секілді электронды түрде беріледі.

«Алдымен интеграция жұмыстарын аяқтау керек. Жаңа айтып кеткенімдей, белгілі бір азаматтың мүлкінің, салығының болуы туралы анықтаманы бүгін-ақ біз жоюға дайынбыз. Бірақ, банктер оған әлі дайын емес. Соларды күтіп отырмыз. Банктер бұл мәліметтерді өздеріне интеграциялай алса жетіп жатыр», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әсемгүл Балташева елімізде мекенжай анықтамасы 1 қарашадан бастап жойылатынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар