Вице-министр: Бағаны ұстауда тұрақтандыру қорынан бас тартып, нарықтық модельге көшеміз

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда кәсіпкерлермен, жұртшылық өкілдерімен кездескен ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев олардың өзекті сұрақтарына жауап берді. Соның бірі – бағаның өсуіне қатысты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде азық-түліктің, жалпы бағаның күннен-күнге өсіп жатқаны белгілі. Кездесуге келгендер бұл мәселену шешуде қандай шаралар қолға алынғанын сұрады.

ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, ведомство біртіндеп тікелей бағаны реттеуден бас тартпақ, осылайша нарықтық үлгіге көшпек. Өйткені тұрақтандыру қоры арзан бағаға сатып алған өнім көлемі маусымаралық кезеңде сөрелерге шығарылғанымен, ол нарыққа айтарлықтай әсер етпейді.

«Бағаға әсер етуі үшін бұл көлем жеткіліксіз. Сондықтан, басқа жолын іздеу қажет. Мәселен тауар өндірушілердің айналымдағы қаржысын қаржыландыру тиімдірек болмақ. Осы жерде типтік талаптар моделінің өзгеріп, соған сәйкес қаражат бір жыл бұрын бөлінетінін хабарлағым келеді. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті қаражатты форвардтық әдіспен қаңтар айында алуға мүмкіндік береді. Оны жанар-жағар майға, тұқым алуға және басқа да қажеттіліктеріне жұмсай алады. Яғни, біз нарықтық модельге көшіп, бағаны тікелей реттеуден кезең-кезеңімен кетеміз. Мемлекет баға белгілеу мәселелеріне тікелей араласпайды деп топшылап отырмыз», - деді Арман Шаққалиев.


Соңғы жаңалықтар