Вице-министр 42 500 теңге төлемді тағайындамаудың 3 себебін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемнің тағайындалмауының негізгі 3 себебін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, өтініште Жеке сәйкестендіру нөмерінің (ЖСН) қате толтырылуы. Мұндай өтініш шамамен 160 мыңды құрайды. Мұндай жағдайда өтінішті қайта беруге болады. Екіншіден, мемлекеттік органдар мен ұйым қызметкерлерінің өтінішті мақұлдамауы. Үшіншіден, кейбір санатты азаматтардың әлеуметтік аударымдарының болмауы», - деді вице министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында .

Нариман Мұқышевтың айтуынша бүгінгі уақытта әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берген шамамен 930 қазақстандық шот нөмерлерін көрсетпеген немесе IBAN жазу кезінде қателіктер жіберген.

«800 мың өтінішті банкпен бірге анализ жасап, ақша аударудың тетіктерін пысықтадық. Ал қалған 130 өтініш берушінің IBAN табылмады. Оларға СМС хабарлама жіберіп, шотты дұрыс көрсету қажеттігі ескертілді», - деп толықтырды вице-министр.
Еске салсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев бұған дейін де 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге қатысты ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап берген болатын.
Соңғы жаңалықтар