«Ветеринария» мамандығына бөлінген гранттардың 50% жуығы игерілмеген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –Былтыр «ветеринария» мамандығына бөлінген білім грантының жартысына жуығы игерілмей қалған. Бұл туралы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ білім басқармасының бас менеджері Бақыт Насырханова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ветеринар мамандығына жыл сайын 825 грант бөлініп келді. Ал былтырдан бастап оның саны 925-ке жетті. Яғни 100 грантқа артты. Сондай-ақ ауыл квотасы 5% көтерілді. Десек те салада проблема бар. Мысалы, маман жұмыс істеуге барғанымен, көп ұзамай кетіп қалады. Себебі инфрақұрылым жоқ, балабақша, мектеппен қамтамасыз етпейді. Одан кейін кім мемлекеттік тапсырыспен оқыды оған мемлекеттік гранттың құнын қайтаруға тура келеді. Тағы бір мәселе – ауылдағы шаруашылықтардың көбісі жеке, ал олар өздерінің таныстарын жұмысқа алады», – деді Бақыт Насырханова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның мәліметінше, былтыр 925 гранттың 50% игерілмей қалған.

«Неге десеңіз – ветеринарияға қызығушылық жоқ. Жұмыс жүріп жатыр, кәсіби бағыт-бағдар беру бойынша да біраз шаруа жасалды, десек те бөлінген гранттардың жартысы игерілмей қалды. Ветеринария бойынша 925 грант болса, соның 574-і игерілмеді. Мәселені шешу жолында жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеуі керек», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай,елімізде ветеринар дәрігерлерге арнайы мәртебе берілмек.


Соңғы жаңалықтар