Ветеринария қызметін әкімдіктерден министрлік құзыретіне қайтару ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мал ауруының өршуінен карантин енгізу шешімін ауыл ветеринары өздігімен қабылдай алуы тиіс. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Рүстем Құрманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ветеринария қызметі бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде қадағалау және іске асыру функцияларының жеткіліксіздігі айқындалды. Атап айтқанда, мал арасында аурудың өршуі анықталған жағдайда карантин және шектеу іс-шараларын уақтылы қолданбау. Ауылдық жердегі ветеринарлар өкілеттігінің болмауы. Яғни құқық бұзушылық анықталса ветеринар өздігінен ешқандай шара қабылдай алмайды. Сол сияқты әкімдіктердің ветеринар мамандарға оларға тән емес функцияларды жүктеу мәселесі де бар. Мысалы, қаңғыбас иттерді аулау немесе ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру деген секілді», - деді Рүстем Құрманов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған проблеманы шешу мақсатында ветеринар мамандардың өкілеттілігін қайта қарау және сала қызметін әкімдіктерден Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне беру ұсынылады.

«Осы орайда ветеринар мамандардың құзыретін қайта қарау өзекті: оларға эпизоотиялық ошақтарды зерттеуге мүмкіндік беру, мал арасында тарайтын ауруларға қатысты карантиндік шаралар туралы шешімді өздігінен қабылдай алуы. Сондай-ақ, ветеринарларға жануарлардан алынатын өнім мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптаманы лицензиялау құқығын беру де маңызды. Одан бөлек жеке және заңды тұлғалардан ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруды бастағаны немесе тоқтатқаны туралы хабарламаларды қабылдау. Тағы бір маңызды жайт ветеринар мамандардың мойнынан өзіне тән емес функцияларды алып тастау керек», - дейді ол.

Бұған дейін елімізде ветеринария саласын реформалаудың жол картасы бекітілгені туралы хабарлаған едік.


Фото: ortcom.kz




Соңғы жаңалықтар