Ветеринар: Жануарлар туралы заң эвтаназия шарасын халықаралық әдістемеге сәйкестендіреді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «JAIDAQ» патронажды ветеринарлық орталығының негізін қалаушы, ветеринар Мархабат Мадияров әзірленуіне өзі атсалысқан Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңның ветеринария саласындағы жаңашылдықтары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл заңға қол қойылмай тұрған кезде Праламент Мәжілісінің жанындағы жұмыс тобының мүшесі болдым. Сондағы 48 адамның ішінде маман ретінде осы іске атсалыстым. Нақты өз салама келсек, ветеринария заңымен байланысты сілтемелер болды. Оның бірі – эвтаназияға қатысты шаралар. Қарапайым тілмен айтсақ, «ұйықтату» ғой. Бұрын ветеринария заңында эвтаназия деген түсінік болмаған. Тек өнім алатын ауыл шаруашылығы жануарларын «сою» түсінігі ғана болған. Ал жабайы жануарлар оңалмастай жарақат алса немесе құтырық сияқты айналаға қауіпті ауруға шалдықса, оларды «ұйықтату» мәселесі заңмен нақты реттелмеген еді. Заңдағы эвтаназия деген ұғым осы мәселенің бәріне заңды реттеуге жол ашып отыр. Бұл ветеринарлардың жұмысын оңайлатпаса, қиындатпайды. Өйткені нақты регламент болғандықтан, ақ пен қараны ажырату оңайланады», - дейді маман.

Оның айтуынша, заңнаманың бұл бағыттағы нормаларын уақыт өте келе қайта жетілдіру керек болады.

«Бас кеңсесі Лондон қаласында орналасқан Халықаралық жануарларды қорғау қоғамы бар. Сол ұйымның жануарлар эвтаназиясы бойынша екі деңгейдегі әдістемесі бар. Бірі – «ұсынылатын» әдістеме, екіншісі – «шартты жол берілетін» әдістеме. Біз соның шартты әдістемесін алып отырмыз. «Ұсынылатын» әдістемеге өтуге әлі ерте. Өйткені құрамында есірткі элементтері бар препарат арқылы «ұйықтату» ұсынылған. Ал біздің ветеринария саласы ондай заттармен жұмыс істеуге дайын емес. Басқа да адам факторына байланысты тәуекелдері бар. Кез келген заң күшіне енгеннен кейін 2-3 жылдың ішінде оның нақты реалиге қаншалықты сәйкесетіні белгілі болды. Сондықтан бүгін заңға енген нормалар қатып қалған қағида деуге келмейді. Уақыт сынағы да түзету енгізетін шығар», - деді Мархабат Мадияров.


Соңғы жаңалықтар