Вестеростың қазақтары Стокгольмде көрме өткізді

None
None
СТОКГОЛЬМ. ҚазАқпарат - Стокгольмде Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүрін паш ететін «Көшпендінің үйінде» атты жеті күндік көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Швед астанасының тарихи ауданында орналасқан галереядағы көрмені ұйымдастырушылар - Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығы. Оған Қазақстан Елшілігі мен қазақ диаспорасы қолдау көрсеткен. Дегенмен, шығындардың басым бөлігін көтерген - Стокгольм мэриясы екенін айта кеткен жөн.

«Біз шведтерді қазақ мәдениетімен таныстыруды мақсат еттік», - дейді Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығының жетекшісі Айдана Бекбергенова.

Көрмеде қазақтың ұлттық киімдері, еліміз туралы фотосуреттер, тұрмыста қолданылатын заттар мен музыкалық аспаптар келушілер назарына ұсынылған. Кей экспонаттарды қазақстандық жастар қауымдастығының мүшелері өз қолымен жасаған, алайда реквизиттердің көпшілігін Швециядағы қазақ диаспорасы ұсынып отыр.

Айта кету керек, Стокгольмнен 100 шақырым қашықтықта орналасқан Вестерос қалашығында 300-ден астам қазақ тұрады. Олар 70-жылдары Түркиядан осында қоныс аударған.

«Олар қазақ мәдениетіне үлкен құрметпен, ұқыппен қарайды. Қолдан жасалған жүн көрпені, ұлттық киімдер мен басқа да көптеген заттарды біз солардан алдық», - дейді Айдана Бекбергенова.

Көрмеге келушілер бауырсақ, самса, құрт секілді қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, Қазақстанда өндірілген шоколадтың, жаңғақ пен кептірілген жемістердің дәмін көре алады.

«Мұндағы халық бауырсақты сүйіп жейді, ал құртқа біртүрлі сақтықпен қарайды», - дейді ШҚЖҚ жетекшісі.

Бұл - қазақстандық жастар қауымдастығының Швецияда өткізіп отырған төртінші іс-шарасы. Ендігі мақсат - 2019 жылғы Наурыз мейрамын қазақтар қоныстанған Вестерос қалашығында кең ауқымда атап өту.

«Вестеростағы 900 адамдық концерт залын жалға алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Наурыз мейрамына орай үлкен концерт өткіземіз», - деп атап өтті А. Бекбергенова.

Оның сөзінше, әлемдік хиттердің каверін домбырамен орындап, танымал болған отандық  «Made in KZ» тобын және басқа да әншілерді Швецияға шақыру ойда бар. Одан бөлек, келесі жылдың жазында Стокгольмде қазақстандық қолөнер шеберлерінің көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Ал қазір өтіп жатқан «Көшпендінің үйінде» көрмесі осы жұмаға дейін жалғасады.  

null


Автор: Тимур Дүйсекеев 

Соңғы жаңалықтар