Венгрия премьер-министрі Түркияға тез арада көмек көрсетуді тапсырды

None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға жер сілкінісі құрбандарына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі қайғылы жер сілкінісіне байланысты Түркия президенті Р.Ердоғанға көңіл айтамын. Мен Венгрия билігіне Түркияға дереу көмек көрсетуді тапсырдым», - деп жазды Виктор Орбан Twitter-де.

«Біз құрбан болғандардың отбасылары үшін дұға етеміз», - деді Венгрия үкіметінің басшысы.

Түркиядағы қайғылы оқиғаға байланысты Еуропа одағы басшылары мен НАТО Бас хатшысы да көңіл айтты. Еурокомиссия дереу жауап ретінде Еуропалық одақ Азаматтық қорғаныс механизмі бойынша іздеу және құтқару топтарын жұмылдырғанын жеткізді.

Болгариядан, Хорватиядан, Чехиядан, Франциядан, Грециядан, Нидерландыдан, Польшадан, Румыниядан он іздестіру-құтқару тобы жедел түрде жұмылдырылуда. Италия мен Венгрия да Түркияға құтқару топтарын ұсынды.

ЕО Төтенше жағдайларға әрекет етуді үйлестіру орталығы қажет болған жағдайда одан әрі қолдауды үйлестіру үшін Түркия билігімен тікелей байланыста, деп хабарлады Еуропалық комиссияның баспасөз қызметі.

ЕО-ның «Коперник» спутниктік жүйесі де шұғыл карта жасау қызметтерін көрсету үшін іске қосылды.

Еске салайық, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясының Пазарджик аймағында магнитудасы 7,4 болатын жер сілкінісі болды. Жер сілкінісінің салдары Сирияда, тіпті Грузияда да сезілуде.

Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қаза тапқан және зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға елдің оңтүстік-шығысында көптеген құрбан болғанына байланысты көңіл айтты. Қазақстан да Түркияға шұғыл көмек көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар