Велотрек: Silk Way Series Astana турнирінің бірінші кезеңі мәресіне жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда велотректен Silk Way Series Astana халықаралық турнирінің бірінші кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды Olympic.kz.

Екі күн бойы елорда төрінде жарысқан спортшылар CL2 санатындағы рейтингілік турнирде ұпай жинауға тырысқан болатын. Бұл сын қазақстандық шабандоздар үшін сәтті өтуде

Аталған турнирде жинаған ұпай спортшылардың әлем кубогы кезеңдеріне жолдама алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Олимпиада ойындарына лицензия иеленер тұста да бұл жарыстың маңызы зор. Өз жеріміздегі дүбірлі сынға ұлттық құрама толық құраммен қатысты. Атап айтар болсақ, Павел Воржев, Артем Захаров, Максим Налетов және Әлішер Жұмақандар ел намысын қорғады.

Бүгінгі жарыс күнінде Әлішер Жұмақан «скретчтен» топ жарса, осы қашықтықта Сұлтанмұрат Мірәлиев күміске қол созды. Павел Воржев «кейринде» үздік үштікке енді. «Кейрин» нағыз мықтылардың сыналар жері. Бұл бәсекеде көпшілік алтын жүлдені ұлыбританиялық спортшы, Олимпиаданың алты дүркін жеңімпазы Джейсон Кенни аларына сенімді болған. Алайда, әлем біріншілігінде үздіктер қатарына еніп жүрген ресейлік Павел Якушевский чемпионның алдын орап кетті.
null

Топтық жарыста біздің команда мүшесі Асылхан Тұрарға тең келер ешкім болған жоқ.

Осылайша, бүгін біздің спортшылар төрт медаль жеңіп алды. Кешегі жарыс күнінде Артем Захаров «омниумнан» алтын алғанын хабарлағанбыз. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан Қытайды алға жіберіп, екінші орын иеленді.

«Бұл жарыста біздің алдымызда бір ғана міндет тұрды. Мейлінше көбірек ұпай жинауды ойладық. Аталған ұпайлар алдымен командалық сынға, кейін Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңінде қажет болады. Жігіттер өз міндеттерін ойдағыдай орындап шықты. Әрине, ең негізгі бағдарлама - омниумнан Захаровтың алтын алып, әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсартқаны қуантады. Сондай-ақ, «скретч» пен топтық жарыста жігіттердің асығы алшысынан түсті. Ертең демалыс, содан соң жоғары санатты турнир басталады. Өз биігімізден түспеуге тырысамыз», - дейді команда бас бапкері Владимир Бушанский.

null

Соңғы жаңалықтар