Велоспорттан Қазақстан құрамасы жасөспірімдер олимпиадасында жеңімпаз атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Велоспорттан Қазақстан ерлер командасы Буэнос-Айресте өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды деп хабарлайды Olympic.kz.

Глеб Брусенский мен Евгений Федоров бес кезеңге созылған кешенді жарыста көш тізгінін ешкімге берген жоқ.

Бүгін маунтинбайктен өткен критериум жарысында Глеб Брусенский екінші орын иеленіп, команда қоржынына 80 ұпай салды.

Евгений Федоров та ұпайсыз қалған жоқ. Ол алтыншы орыннан көрініп, 30 ұпайға қол жеткізді.

Осылайша, Қазақстан командасы жалпы есепте 418 ұпай жинап, алтын медаль иегері атанды. Күміс жүлдегер атанған Люксембург құрамасында 276, қола жүлде иеленген Ұлыбританияда 253 ұпай бар.

«Біз әрі кетсе үздік үштікке енеміз деген мақсат қойған едік. Алайда, әлеуетеміз одан да жақсы екеніне көз жеткіздік. Алтын медаль алуға мүмкіндік барын сезген соң, өзімізді қамшылаумен болдық. Қазіргі көңіл-күйімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Шыны керек, маунтинбайк бізге қиын соқты. Оның үстіне, бүгін жарыс кезінде велосипедімнің отырғышы сынып кетті. Абырой болғанда бәрі дұрыс болды», - дейді Брусенский.

«Қарсыластарымызды алға жібермеуге тырыстық. Бізді өкшелеп келе жатқан Люксембург спортшыларын ерекше бақылауда ұстадық. Үздік үштікке енеміз деп келген едік, алтынмен оралғалы тұрмыз. Біздің жеңісімізге септігін тигізген жандарға алғысым зор. Бапкерімізге барша ақыл-кеңесі үшін бас иеміз», - деді Федоров.

Соңғы жаңалықтар