Велосипедші баланы қағып кеткен полицей ісі сотқа жіберілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Велосипедші баланы қағып кеткен патрульдік көлікті басқарған полицейге қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Астана ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

«Патрульдік көліктің жүргізушісіне қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды. Яғни, 610 баптың 1 бөлімі мен 611 баптың 2 бөлімі бойынша жауапкершілік қарастырып, материалдар әкімшілік сотқа бағытталды», - делінген ІІД хабарламасында.

Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 610-бабында көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы ескерілген. Осы баптың 1-бөлімінде жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыру қарастырылған.

Ал 611-бапта жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауына байланысты жауапкершілік көзделген. Баптың екінші бөілімінде бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы бар.

Еске сала кетсек, Астанада полицей көлігі 12 жасар велосипедшіні қағып кетті. 

Велосипедті 12 жастағы жасөспірім жүргізген және артына 10 жастағы баланы мінгестірген. Олар жаяу жүргіншілерге арналған жол бөлігінен өтіп бара жатқан. Полиция көлігі жүргізушісіне қатысты  барлық қажетті құжаттар тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін Астана ІІД әкімшілік полиция басқармасына жіберілді.

Белгілі болғандай, жол-көлік апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Балалар медициналық ұйымға жүгінбеген.

Соңғы жаңалықтар