Велосипедпен әлемді аралап жүрген ерлі-зайыпты француздар Ақтауға келді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Велосипедпен әлемге саяхаттауды шешкен француз жұбы Эмили мен Дэви өткен жылы маусымда Франциядан жолға шыққан. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Саяхатшы жұп 2022 жылы 29 сәуірде Грузиядан Әзербайжанға, ал 7 мамырда Бакуге жетіп, 25 мамырда Ақтауға келген.

Ақтауда француз саяхатшылары Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен Ш.Есенов атындағы университетіне өз жобаларын ұсынды.

Өз таныстырылымында Эмили мен Дэвид Даун синдромын ғана емес, есту және тірек-қимыл аппаратының бұзылуы мәселелерін де қозғап өтті.

Бүгінде Дэви мен Эмили Санчис - Даун синдромы бар балаларға қолдау көрсету мақсатындағы Bike Up&Down велошеру жобасының жетекшілері.

Жоба Францияның Trisomie 21 France федерациясының және оның халықаралық серіктесі Down Syndrome International қолдауымен басталған.

- Велосипедпен саяхаттау барысында адамдармен сөйлесуге, олармен танысуға көбірек мүмкіндік бар. Бізді жолда тоқтатып қонаққа шақырғандар да болды. Әр елдің адамдарын жақсы түсініп, жақын болғымыз келеді,- дейді Эмили.

Отбасылық жұп велошерудің арқасында Даун синдромы және басқа да психикалық ауытқуы бар адамдардың спортпен шұғылдануына ықпал еткісі келеді.

- Біз барған Франция, Германия, Австрия, Словакия, Венгрия, Румыния, Молдова, Украина, Түркия, Грузия, Әзербайжан елдерінде саяхатшылар зияткерлік мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық іс-шараларға қатысты қауымдастықтармен пикник ұйымдастырып, Даун синдромы немесе кез келген басқа ақыл-ой кемістігі бар адамдар тұратын арнайы мекемелер мен үйлерде болдық. Сонымен қатар, мейрамханалар мен қонақ үйлерде, әлеуметтік фермалар мен мектептерде жобамызды ұсындық,-дейді саяхатшы жұптар.

Қазақстаннан кейін Эмили мен Дэви Өзбекстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне баруды жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар