Велосипед жүргізушілері жолда жүруде қандай ережелерді сақтауы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы аптаның соңында бас қалада велосипед маусымы ашылады, осы тұрғыда қалалық полиция департаменті велосипед жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерден жолда жүру ережесін қайта еске салып, тұрғындарды жолда сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен өткен жыл мен оның алдыңғы жылы велосипед және автокөлік жүргізушілердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғаларына қатысты ақпарат мәлім етілді.

«2017 жылы жол-көлік оқиғасынан 583 велосипед жүргізуші дене жарақатын алса, ал 2018 жылы 523 адам зардап шекті, яғни жарақат алу 10%-ға азайған. Велосипед жүргізушілер салдарынан болған жол-көлік оқиғасынан 2017 жылы 60 адам, өткен жылы 34 адам қаза тапты, тиісінше өлім жағдайы 43%-ға азайды. Сондай-ақ, 2017 жылы автокөлік жүргізушілердің кінәсінен 443, 2018 жылы 373 оқиға тіркелді. Бұл келеңсіз жағдайлардың 20%-ға азайғанын көрсетеді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің кінәсінен 2017 жылы - 140, өткен жылы 155 жол апаты тіркелді, өкінішке орай бұл жерде өсу динамикасы бар», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Әкімшілік полициясының майоры Бақыт Құрманғалиев.

Әкімшілік полиция өкілінің дерегіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың үш айында велосипед жүргізушілердің қатысуымен 119 оқиға тіркелді.

«Жол ережесіне келсек, велосипед және мопед жүргізушілері арнайы веложолмен жүруі тиіс, жоқ болған жағдайда жолдың оң жақ шетімен жүреді. Немесе жаяу жүргіншілерге арналған жолмен де жүруге болады, бірақ оларға кедергі жасамауы тиіс. Сол сияқты жасы 15-ке толмаған жасөспірім велосипед және мопедпен көліктің жолымен жүруге болмайды, олар арнайы веложолмен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруі қажет. Және де велосипедшілер топ болып жүрген жағдайда бір жерде шоғырлануға да болмайды, жолдың оң жақ шетінде 10 адамнан бөлініп жүруі тиіс», - дейді ол.

Одан бөлек, жүргізушілердің велосипед және мопедті бір қолмен басқаруына, бірнеше адам мінуіне тыйым салынады.

«Тағы бір айтып кететін жайт, велосипед жүргізушілері жаяу жүргіншелерге арналған бағдаршамнан өткенде велосипедті теуіп өтуге болмайды, бағдаршамның жасыл жанғанын күтіп, велосипедтен түсіп жаяу жүріп өтуі керек. Көптеген жол-көлік оқиғалары бағдаршамнан өту кезінде орын алады. Себебі жүргізуші велосипедті бағдаршамнан жоғары жылдамдықпен теуіп өтеді де, жеңіл автокөліктің қай жағынан келіп қалғанын байқамай қалады», - деді Б.Құрманғалиев.

Нұр-Сұлтан қаласында велосипед тебу маусымы ресми түрде осы жылдың 20 сәуірінен ашық деп жарияланады.

Айта кетейік, бүгінгі күні қалада жалпы ұзындығы 54 шақырымды құрайтын велосипед жолы бар. Оның 9,5 шақырымы Триатлон саябағында, 2,5 шақырымы Ботаникалық бақта, 4 шақырымы шаңғы тебу тас жолында және 4 шақырымы «Жерұйық» саябағында орналасқан. Одан бөлек, қалалық Орталық саябақтан басталатын 11 шақырымдық велосипед жолы ЭКСПО аумағына дейін апарады. Сол сияқты тағы 23 шақырым қала іргесіндегі Ильинка ауыланан Қосшы елді мекеніне дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар