Велосаяхатшы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Ыстанбұлға дейін шеру жасамақшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі журналист, «Толық адам және 4 даму» жобасының, «Абай арқылы ағылшынша үйрен», «Ғылым тап - Find Science» әдістемелерінің авторы, оқытушы-аудармашы, велосаяхатшы Ернат Мелсұлы жылдың басында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арнап бастаған велошеруді әрі қарай жалғастырып, Торғай өңірінен Түркияның Ыстанбұл қаласында дейін велосипедпен саяхат жасамақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бастама авторы қазір «Көкқасқасын» (саяхатқа арналған велосипедтерінің біріне осындай ат қойыпты) жабдықтап, өзінің де бабын шыңдап жүр.

«Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына арналған халықаралық велошеруді мемлекет ұстазының кіндік қаны тамған жер – Ақкөл, Сарытүбектен туған күніне қарай 4 қыркүйекте бастаймын. Дәл туған күні – 5 қыркүйекте Ахмет атамыздың мерейжасына арналған негізгі іс-шаралар өтетін аудан орталығы Торғайда жалғастырып, Амантоғай, Әулиекөл, Қостанай, Ақтөбе, Бестамақ, Атырау, Ақтау арқылы жүріп, Құрық теңіз айлағына барып тоқтаймын. Ол жерден кемеге отырып, Каспий теңізінен өтіп, Бакуде теміратыма қайтадан ер саламын. Әрі қарай Гәнжә қаласына соғып, Грузия астанасы Тбилисиден Кутаиси арқылы Қара теңіз жағасындағы Батуми және Түркияның Ризе, Трабзон, Орду, Самсуннан өтіп, Анкараға жетсем деймін. Ататүрікке тәу етіп, велошеруді Ыстанбұлдағы Мұстафа Өзтүрік ағамыздың зиратында түйіндесем деген ниетім бар», - дейді велосаяхатшы.

Өзінің жобалауынша, Қазақстаннан бөлек 3 мемлекеттің аумағында өтетін сапарға 55 күн кетуі мүмкін.

«Велошеруге жалғыз қатысамын. Соло тәсілінде өтеді. 2 айға созылатындықтан, әркімнің уақыт, қаржы, жұмыс, отбасы жағынан мүмкіндігі бола бермейді. 55 күнде 5555 шақырымды еңсерсем деп ойлаймын. Ахмет атамызды ұлықтаудан басқа еліміз бен Әзербайжан, Грузия, Түркиямен арада дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толу мерейтойын насихаттауға да үлес қоссам деген ниетім бар. Бұдан басқа, Баку, Тбилиси, Анкара, Стамбұлдағы Абай Құнанбайұлының атындағы көшелерді көзбен көріп, ескерткіштеріне тағзым ету де - басты мақсатым. Осы қалаларда Қазақстан елшілігі арқылы кездесу-сұхбат жасап, ағылшын тілінде хакім Абайдың «Толық адам» идеясын насихаттасам деймін», - деді Ернат Мелсұлы.

Осынша күрделі сапарға кім демеушілік жасайтынын сұраған едік.

«Әзірге демеушілік сұрап ешкімге шыққан жоқпын», -деп қысқа қайырды.

Бұған дейін шетел архивтерінен Ахмет Байтұрсынұлы мен «Алаш» қайраткерлері туралы деректер іздестіріліп жатқанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар