Вайнерлер мен қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс: Жәбірленушілер миллиондап қаржы құйған

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Astex, Mudarabah Capital және ACD Technology қаржы пирамидаларын құру ісі бойынша басты сот отырысы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот барысында жәбірленушілердің жауаптары тыңдалды. Жәбірленушілердің бірі - Тимур Оспанов. Ол компанияға 15 млн теңге салған.

«Мен 2020 жылдың қараша айында «Mudarabah Capital» арқылы «Astex» компаниясымен шарт жасастым. Басында мен 10 млн теңге салдым, кейін қаңтар айында қосымша келісім бойынша тағы 5 млн теңге салдым. Екі ай бойы дивидендтер алдым, 2021 жылдың қаңтарынан бастап кідірістер басталды. Сәуір айында бізге қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарланды», - деді Тимур Оспанов.

Прокурордың сұрақтарына жауап бере отырып, ол екі айда 1,7 млн теңге дивиденд алғанын мәлімдеді. Ал осы компаниялардың ұйымдастырушыларымен жәбірленуші бұрын таныс болмағанын айтты.

«Мен бұл компаниялар туралы әлеуметтік желілерден білдім. Мен бұған дейін тендерге қатысу, инвестиция тартуды оқытумен айналысатын ағайынды Құрманғалиевтер туралы естігенмін. Mudarabah Capital пайда болған кезде мен оған инвестиция салатын болдым, себебі, ол исламдық компания деп сендім, оның үстіне онда медиадағы, сенімді тұлғалар, діни адамдар жұмыс істеді», - деді ол.

Бұл ретте ол компанияға салым салған соң, белгілі вайнерлер түскен жарнамалық роликті көргенін айтты. Оның айтуынша, бұл жарнамалар оның ЖШС-ге инвестиция салуына себеп болмаған.

Екінші жәбірленуші Сардор Хакимов жалпы 8 млн теңге салған. Алдымен 5 млн, екі айдан соң тағы 3 млн теңге салған. Компания дивиденд ретінде оған шамамен 2 млн теңге төлеген.

«Мен Instagram-да бейнероликты көрдім, Азимжан Саидбаевты бұған дейін танитынмын. Осыдан соң не, қалай жасау қажет екенін сұрап, кейін қаражат салдым. Маған ешкім кеңес берген жоқ, мен мұндай халал инвестициялар бар екенін көрдім. Мен табысымды көбейткім келді. Шарт жасадым, Astex.kz компаниясына қаржының түсетіні және ол қаржы тендерлерге инвестицияланатыны туралы талқыланды», - деді Сардор Хакимов.

Келесі жәбірленуші Қанат Несіпбеков ACD Technology және Astex.kz компанияларына 260 млн теңге салған. Алайда, төленген дивидендтерді ескере келе, қазіргі таңдағы жалпы шығын 180 млн теңгені құрап отыр. Ол Алмас Құрманғалиевпен танысқан соң компанияларға инвестиция саламын деп шешкен.

«Маған салым салу әдісі таныстырылды. Алмас пен Шыңғыстың компаниясы тендерлерге қатысатынын түсіндірді, бұл фактіні мен тендерлер порталында тексердім. Олар шынымен тендерлерге қатысып, жеңіске жетіп, жұмыс істеді. Алмас өзінің инвестициямен айналысатынын, ал ағасы Шыңғыс тендермен айналысатынын айтты. Осылайша мен ақша сала бастадым. Алмастың офисіне барып, қолма-қол ақша беріп, шарт жасастым. Ол сондай-ақ өз қызметкерлерімен таныстырды. Барлық мәмілені мен Алмаспен жасадым. Осылайша ақша салдым, сондай-ақ іске асқан тендерлерден-мыс маған сыйақы берілді. Онда көп мәмілелер болды», - деді ол.

Еске салайық, аталған іс бойынша Алматыда басты сот отырысында прокурор Ерлан Құланбаев айыптау қорытындысын оқыған болатын.

Еске салайық, өткен жылдың ақпан айында танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев, Азимжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұсталған болатын.

Қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген вайнер Азимжан Саидбаевқа іздеу жарияланған.

Өткен жылдың желтоқсан айында қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған вайнерлердің ісі сотқа жолданған болатын.

Сондай-ақ соттың шешімімен Мейіржан Төребаев тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырылған болатын.


Соңғы жаңалықтар