Вайнер Мейіржан Төребаевқа қатысты тергеу аяқталды - Бас прокуратура

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаржы пирамидасы ісі бойынша вайнер Мейіржан Төребаев кепілмен босатылды. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер Бас прокурордың орынбасарынан қаржы пирамидасы бойынша вайнерлерді жауапқа тартуға қатысты сұрады.

Өз кезегінде Ә. Шындалиев Mudabarah Capital қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйелдің өз-өзін өртеп жіберуі өте қайғылы жағдай екенін айтты.

«Зардап шеккен адамның тезірек сауығып шығуын тілеймін. Вайнерлер бойынша тоқталсақ, онда 169-дан астам зардап шеккен адам бар, келтірілген шығын 2 млрд теңге шамасында. Қылмыстық жауапкершілікке 14 адам тартылып жатыр, олардың арасында танымал вайнерлер, блогерлер бар», - деді ол.

Ә. Шындалиевтің айтуынша, алты адам қамауға алынған, ал вайнер Мейіржан Төребаев кепілмен босатылды.

«Әр жағдайда бұлтартпау шарасы жекелей қаралады. Барлық жағдайды ескере отырып, яғни тұрақты тұрғылықты жерінің, кәмелетке толмаған балаларының болуы, оның қылмысты жасаудағы рөлі назарға алынады. Осының бәрін ескеріп, сот оған қатысты кепілмен босату бұлтартпау шарасын таңдады», - деді ол.

«Күдіктінің қамауда отырмауы оның кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды дегенді білдірмейді. Қазір іс бойынша тергеу аяқталды, яғни таныстыру кезеңі өтіп жатыр. Осы қылмысқа қатысты барлық күдіктінің іс-қимылына баға беріліп, оларға айып тағылды. Бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін, оны прокурорға жолдайды. Өз кезегінде прокурор істі сотқа бағыттайды», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев, Азизжан Саидбаев және Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен ұсталды.

Іс бойынша күдікті А. Саидбаевқа іздеу жарияланды.


Соңғы жаңалықтар