Василий Левит Токио Олимпиадасына барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде 91 келі салмақта Василий Левит Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының (2017, 2019) екі дүркін қола жүлдегері және 2009, 2015, 2017 жылдары Азияның үш дүркін чемпионы атанған Левит қазақ боксшылары арасынан үшінші болып Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алды.

Алғашқы айқасын ширек финалдан бастаған жерлесіміз Тәжікстан спортшысы Давлат Болтаевпен жұдырықтасып, қарсыласын айқын басымдықпен ұтып жартылай финалға шықты. Бұл салмақта тек жартылай финалға шыққан боксшылар ғана Олимпиада ойындарына жолдама алады. Қостанайлық халықаралық дәрежедегі боксшы өз міндетін абыроймен атқарып, қазақ боксшылары арасында үшінші болып Олимпиадаға лицензиясын жеңіп алды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған осыған дейін 69 келі салмақта Абылайхан Жүсіпов және 81 келі салмақта Бекзат Нұрдәулетов Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алды.

Жалпы, бұл Амман қаласында өтіп жатқан Олимпиадалық іріктеу турниріне бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев 8 боксшыға үміт артып алып келген болатын.

Дәл қазіргі есеп бойынша 8 боксшының жетеуі шаршы алаңға шығып, барлығы жарысты жеңіспен аяқтап келеді. Оның үшеуі Олимпиадаға жолдама жеңіп алды. Енді, тек аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев қана шаршы алаңға шыққан жоқ. Қоңқабаев бүгін кешкі сессияда Нұрсұлтан уақытымен 21:00-ден кейін қытайлық боксшымен жұдырықтасады.

Бұған дейін қазақ спортшылары жалпы Олимпада ойындарына 29 жолдама жеңіп алғаны туралы жазғанбыз.


Соңғы жаңалықтар