Валюта саласындағы реттеу мен бақылау Қазақстанға тиімді болады - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» жаңа заңға сәйкес, Қазақстанның валюта нарығында бірқатар өзгерістер болады. Бұл пікірді ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика мен саясат институтының сарапшысы Айжан Мұқышбаева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, қазақстандық контрагенті бар шетелдік ұйымдардың филиалдары теңгемен есептесетін болады. Бұл өзгеріс 2020 жылға қарай Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретіндіктен шетелдік банктердің филиалдары мен сақтандыру ұйымдары Қазақстанның ішкі нарығына кіруімен байланысты», - деді Айжан Мұқышбаева.

«Ел ішінде шетел валютасындағы төлемдердің ұлғаюы қаупін азайту үшін бұл шешім дер кезінде қабылданып отыр», деп атап өтті ол.

«Екіншіден, капиталдың шығарылуына бағытталған операциялар бойынша валюталық бақылау күшейеді. Жаңа заңда елден шығарылатын қаржының белгілері бар валюталық операциялар тізімі анықталған. Мұндай операцияларға қазақстандық есепшотқа қаражат түсіруді көздемейтін қаржылық қарыздарды, 720 күннен астам мерзімге пайызсыз заем және коммерциялық кредиттерді ұсыну, қайтару мерзімімен бірге 720 күннен асатын экспортты немесе импортты төлеу бойынша операциялары кіреді», - деді сарапшы.

«Үшіншіден, Қазақстан аумағында валюталық құндылықтардың айналымының тәртібі өзгерді. 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап, банктік емес айырбас пункттері Ұлттық банк шығарған алтын құймаларды саудалай алады. Бұл өз кезегінде халық тарапынан долларға деген сұраныстың төмендеуіне, қаржы нарығын долларсыздандыруға мүмкіндік береді», - деді Айжан Мұқышбаева.

Сарапшының айтуынша, халықтың дәулетті тобы үшін алтын құймалар ұзақ мерзімді инвестициялаудың тағы бір құралы болмақ.

«Жалпы алғанда, енгізілген өзгертулер Қазақстан аумағында шетелдік валютамен есептесуді азайтады және елден ақша әкетуге тосқауыл болады», - деп өз сөзін түйіндеді Айжан Мұқышбаева.

Еске сала кетсек, 4 шілде күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев валюталық реттеуді және бақылауды жетілдіруге бағытталған «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Валютаны либералды реттеу ұстанымдары сақталатындықтан заңның қабылдануы қарапайым халыққа кері әсерін тигізбейді.

Соңғы жаңалықтар