Вакцинаға қарсы шығып, кейін ойын өзгерткен көпбалалы ананың әңгімесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Вакцина алуға қарсы болып, кейін ойын өзгерткендердің бірі астаналық көпбалалы ана Зиуар Жұманова «Азаттық рухы» ақпарат агенттігіне сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көпбалалы ана Зиуар Жұманова осы уақытқа дейін вакцина салдыруға қарсылық білдіргендердің бірі. Өйткені, қыста тұмауға қарсы екпе алған кезінде ауруын асқындырып алған.

«Адам ауырған кезде екпе салғанда оның әсері қатты екен. Оның үстіне әлеуметтік желіде түрлі ақпараттар бар. Соны оқып, білгеннен соң адам батылы бармайды екен. Кәдімгідей ойланып қаласың, «вакцина арқылы бізді өлтірейін деп жатыр ма» деген секілді. Вакцинаға қатысты түрлі ақпараттар жан-жақтан келіп жатады. Оның ішінде «адамдардың дене мүшесін сатады» деген ақпаратта бар, соған сендім. Біраз адам бірігіп желіде вакцинаға қарсы чат аштық, мақсат – вакцинаға қарсы шығу. Себебі вакцинаның қауіптілігіне қатысты жалған ақпараттар көптеп келіп түсті, қайсысына сенеріңді білмейсің. Содан Бәйтеректің қасында вакцинаға қарсы акция ұйымдастырдым, бірақ онда менен басқа ешкім болмады», - деді З. Жұманова.

Көпбалалы ананың айтуынша, вакцина салдыруға деген қарсылығын ешкім қолдамаған.

«Үлкен ұлым әскерде, басында вакцина алуына қарсы болдым. Дегенмен екпені алды және қазір бәрі дұрыс екеніне көзім жетті. Керісінше ұлымның денсаулығы жақсара түскен секілді көрінді. Бүгінде менің қайын жұртымның бәрі бірдей вакцина алды. Бастысы жақындарым дін-аман, соған қуанамын. Қазір вакцина алуға қарсы емеспін. Себебі індеттің зардабын шеккендердің зарын өз көзіммен көрдім. Содан кейін аяғымды тарттым. Вакцинаға қатысты көзқарасымды өзгерттім, вакцина алған жақын жақындарымның бәрі аман-есен», - дейді ол.



Соңғы жаңалықтар