«Вакцинациядан байыған кім?» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 қаңтар, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Тонаудың тоқсан тәсілі» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Ал ұялы телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері көбіне саналы түрде іске асатындығын барлығымыз білеміз. Оның да түрлері көбейіп кетті. Қалта телефонға кенеттен хабарласып, баласы немесе жақын туысы істі болып қалды деген секілді мәселелермен түрлі саланың маманы болып ата-аналарды қорқытып, ақша өндіріп алатындар жайлы күні бүгінге дейін айтылып та, жазылып та жүр. Қазіргі уақытта бұл мәселеге халықтың еті үйреніп, осындай күдікті жағдай орын алып жатса, баласының өзімен сөйлесетіндігін айтып немесе белгілі пароль сұрау арқылы, алаяқтардың уысына түспейтін түрлі әдісін ойластырып-ақ жатыр»,-деп жазады мақала авторы. Осы жайында толық білгіңіз келсе, бұл мақаланы оқып шығыңыз.

Бас бысылымда «Адамдарға сілеусін шабуыл жасады» деген мақала берілген. Қостанай облысының Қарасу ауданындағы Қарамырза ауы­лына кәдімгі сілеусін кіріп кетіп, тұрғындардың зәре-құтын қашырған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Түз тағысы елді мекенге кірген кезде алдымен аула итіне, содан кейін осындағы «Рамазан-Қарасу» ЖШС көлік ауласының күзетшісіне шабуыл жасамақ болыпты. Азулы жыртқышты жақын жерден көремін деп ойламаған күзетші жалма-жан басқаларды көмекке шақырады. Адамдар жиналып қалған соң, сілеусін сескеніп, ауладағы жүк көліктерінің біріне барып жасырынған. Кейін оқиға орнына аңшылар келеді. Жыртқыш оларға да азуын ақситып, айбат шегеді. Серіктестіктің ауласына жиналған тұрғындар шапшаң қимылды сілеусін күтпеген жерден шабуыл жасаса, біреумізді жазым етуі мүмкін деп, жануарды атып алуды ұйғарады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстандағы «тылсым» ұйқыға батқан ауыл бүкіл дүниежүзі ғалымдарының назарын аудара бастады. Бұл проблеманың мән-жайын анықтауға отандық медицина мамандары да құштар болып, құлшына кірісті. Кеше елордада барлық БАҚ атаулыға сауын айтып, арнайы баспасөз мәслихатын жиған Ұлттық ғылыми орталық басшылығы бас қалаға Калачиден жеткізілген сырқат тардың «ұйқы дертіне» душар болуының өздері білген себептерін атады.

Астанадағы «Ұлттық ғылыми ме­дици­на­лық орталық» басшысы Абай Байген­жин­­нің пайымдауынша, бұл құбылысқа әр­түрлі дерттердің бір адам бойында жи­налуы себепкер болуы мүмкін.

Бізге жеткізілген сырқаттардың бойын­да бар аурулар «шоғыры» біз «ұйқы дерті» деп атап жүрген осындай жай-күйдің туын­дауына әкеп соқтырды, - деді ол. - Барлық сырқаттарда өткір тосын аурулар анық­талуда. Олардың ішкі органдарының, қан тамырларының және жүйке жүйесінің жағдайы әртүрлі дәрежеде ауыртпалықтарға ұшыраған, қант диабеті, қан тамырларының атеросклеротикалық зақымдануы, ме­та­болизмдік бұзылулар бар. Үш пациентте ми қан айналымының созылмалы жетімсіздігі табылды, оның екеуінде - ауыр дәрежеде: бас­тың миы морфологиялық өзгерістерге ұшыраған. Бұл жайында «Ұйқыдағы ауыл құпиясын қашан ашады?» деген мақалада толық берілген.

Осы газетте «Вакцинациядан байыған кім?» атты мақала басылды. Ауыл шаруашылығы министрлігін «үлкен сілкіністер» күтіп тұрғанға ұқсайды. Өйткені сонда істеген кейбір лауазымды шенділердің қалай тез «ауқат» жиғандығы әшкереленуде. Бұл туралы кеше Парламентте ашық сөз болды. Осы күні Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

- Менің есімде, - деп бастады сөзді бұрынғы Жоғарғы сот төрағасы, қазіргі сенатор Бектас Бекназаров. - 2 жылдай бұрын Бас прокуратура Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі аусыл ошақтарын жою мақсатында сапасыз дәрі-дәрмекті сатып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Тендер арқылы орасан зор қаржыға өте сапасыз, қандайда бір емдік қасиеті жоқ вакциналар алынған. Оны Бас прокурор Асхат Дауылбаев хабарлаған болатын. Осы іс немен аяқталды?

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаеваның айтуынша, 3 жыл бұрын министрлік басшылығында бір сұрақ туыпты: «Қазақстан жыл сайын вакцинацияға қыруар қаржы шығындағанымен, неге әлі күнге малдарда иммунитет жоқ?»

- Содан осы сауалдың жауабын іздеп, мән-жайын зерттеуді бастаған болатынбыз, - деді вице-министр. - Біздің анықтағанымыздай, бұрын рецепке жазылып келген вакциналар халықаралық талаптарға жауап бермейтін болып шықты. Өйткені оларға тек «таңбалануына» және «қорапталуына» қатысты ғана талап қойылады екен. Ал ең маңыздысы, вакцинаның қасиеттеріне қатысты талаптар еш жерде жазып көрсетілмейтін болған. Сондықтан 2 жыл бұрын біз өзгерістер енгіздік.

***

«Экспресс-К» басылымының соңғы санында «Шварценеггер, подвинься» деген мақала жарияланды. 45 жастағы Теміртау әкімінің орынбасары Сергей Тымченко бүгінде пауэрлифтингтен бірнеше дүркін әлем чемпионы болып табылады. Енді ол күзде АҚШ-тың Лас-Вегасінде өтетін бодибилдингтен "Мистер Олимпия" халықаралық жарысына қатыспақ. Осы орайда С. Тымченко бұл додада үздік бестіктің қатарына енудің өзі жеңіске тең екенін атап өтуде. Қазірден бастап шенеунік аталған сайысқа орай жаттығу шараларына кірісіп те кетті.

Соңғы жаңалықтар