Вакцинациядан бас тарту қызылшаға шалдығу деңгейін үш еселейді - Жандарбек Бекшин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинациядан бас тарту - осы ауруға шалдығуға ықтималдылықты үш еселейді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің міндетіміз - иммунды емес контингентті анықтау. Америкалық ғалымдар 2017 жылы зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Ол ғалымдар егер вакцинациядан бас тартқандардың саны 5 пайызға өсетін болса, осы ауруға шалдығу дейгейі үш есеге көбейетінін дәлелдеп шықты. Егер өткен жылы елімізде вакцинациядан 6 мың адам бас тартса, ендеше қызылшаға шалдығушылардың саны 18 мыңға жетеді деп болжай беруге болады. Қызылша өзінің меңдеп кетуімен қауіпті. Тек симптоматика бойынша емделеді», - дейді Жандарбек Бекшин.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 1 сәуірден бастап қызылшаға қарсы вакцинация жүргізіледі.

«Қазіргі таңда Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай көңіл көншітпейді. Сондықтан, бүгінгі таңда біздің қызметкерлеріміз алдын алу жұмыстарына баса назар аударып отыр. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде 4670 жағдай тіркелді. Оның ішінде балалардың қызылшаға шалдығуы 71 пайызды құрайды. Соңғы аптада елімізде 450 жағдай тіркелді», - дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Соңғы жаңалықтар