Вакцинация – «сары аурудың» алдын алудағы ең тиімді тәсіл - қызылордалық маман

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Ел арасында «А» вирустық гепатиті «сары ауру» деген атпен белгілі. Бұл аурумен сырқаттанған науқастар көпшілік арасында жиі кездесіп қалады. Оған қандай себептер бар? Осы орайда, сала мамандары тазалық мәселесіне баса назар аудару қажеттігін айтады. Басқа да сақтану жолы қандай? ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия Ыдырысованы әңгімеге тартқан еді.

- Бұл ауруға шалдығып жатқан аурулар жиі кездеседі. Басты себептер қандай? Тұрғындар оны жұқтырмау үшін қандай сақтық шараларына назар аударғаны жөн?

- «А» вирустық гепатиті тұрмыстық және алиментарлы жолдармен беріледі. Ол қоздырғышпен ластанған су және тамақ арқылы кең таралады. Жалпы, жұқпалы дертті «лас қолдар ауруы» дейді. Себебі, қарапайым ғана гигиеналық ережелер сақталмаған жағдайда вирус жұқтырып алу қаупі басым. Бұл вирус қоршаған ортаға өте төзімді. Бөлме температурасында бірнеше апта және ай сақталып тіршілік етуге қабілетті.

- Сонда ол өте тез жұғады, солай ма? Инфекцияның ағзаға енгені неден байқалады?

- «А» гепатитінің белгілері жеңіл немесе ауыр түрде өтеді. Әсірісе, аталған аурумен сырқаттанған адамдар бойында әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, диарея, құсу, іштің ауырсынуы, зәр түсінің өзгеруі және сарғаю (тері мен көздің сарғаюы) түрінде байқалады.

Инфекцияны жұқтырудың негізгі көзі – науқас адам. Ауру адамнан бөлінген қоздырғышпен ластанған тамақ, су, күнделікті пайдаланылатын заттар, ойыншықтар оның таралуына әсер етуі әбден мүмкін.

- Демек, қарапайым тазалық қағидаларын сақтау керек...

- Иә, сырқаттанудың алдын алудағы қарапайым шараларды ұмытпаған жөн. Олардың қатарында жеке бас және қоғамдық гигиена ережелерін қатаң түрде орындау – негізгі міндет. Сондай-ақ, тамақтанар алдында және дәретханадан кейін, жұмыстан, көшеден келгенде қолды сабынмен жуу қажет.

Ішуге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды қолданып, көкөністерді, жеміс-жидектерді, аскөктерді ағынды сумен жуу керек. Ал, шомылғанда су жұтып қоюдан сақ болу, ыдыстарды, үй-жайларды тазалықта ұстау, науқас балаларды балабақшаға және мектепке апармау – басты талаптың бірі. Аурудың клиникалық белгілері байқалған кезде медициналық көмекке жүгіну қажет.

- Инфекциямен «ластанған» тағам арқылы жұғады дедіңіз...

- Дәл солай. Вирустық гепатит тағам өнімдері арқылы да беріледі. Сондықтан, асхана, кафе, азық-түлік дүкендерінде санитариялық-гигиеналық ережелер ұқыпты түрде орындалуы тиіс. Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері мен мектептерде балалар санының артық болмауы басты назарда ұсталғаны абзал. Онда тазалықтың сақталуын қадағалап отыру керек.

Сондай-ақ, балалар әрдайым медициналық тексеруден өтуі тиіс. Сапалы сумен, тамақпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілуі қажет. Ауру шыққан үйде, мектепте, балабақшада және өзге нысандарда қорытынды дезинфекция хлорлы дәрімен міндетті түрде өткізілуі қажет. Науқастың үйіндегі бөлмелері, ыдыс-аяғы, әжетхана, ал мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде сол ауырған бала оқитын сынып бөлмесі, дәліздер және әжетханалар зарарсыздандырылады.

- Байқасақ, бұл ауру балалар арасында жиі байқалады. Ал, ересектер арасында қай жастағыларда кездеседі?

- Айтып өткенімдей, «А» гепатиті дүниежүзінде кең тараған. Аталған инфекцияның тарауы барлық жерде біркелкі емес. Сырқат көбінесе балалар арасында көрініс береді. Ал, ересектер арасында ол көбінесе 15-29 жастағылар арасында байқалады.

Ауру маусымдық жағдайға тән. Көбінесе ауру-сырқаттың деңгейі күз-қыс кезінде жоғарылайды. Мектептегі балалар арасында ол қыркүйек-қазан, 3-6 жастағы балаларда қараша-желтоқсан айларында тіркеліп жатады. Ал, 3 жасқа дейінгі балалар арасында ол жыл басында бірен-саран кездеседі.

- Осы орайда, биыл Қызылорда облысындағы жағдай қалай болып тұр?

- Былтыр Қызылорда облысында «А» вирусты гепатитін жұқтырудың 14 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 9-ы 14 жасқа дейінгі балаларда байқалса, қалғаны 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдерде анықталды. Бұл 100 мың адамға шаққандағы жалпы көрсеткіш – 1,65. Алдыңғы жылмен салыстырғанда аурушаңдық 13 жағдайға өскен.

- Аурумен күресудің тиімді жолы қандай?

- «А» вирустық гепатиті инфекциясының алдын алудағы ең тиімді тәсіл – вакцинация. 2011 жылдан бастап 2 жастағы балаларды вирусқа қарсы профилактикалық егумен қамту жолға қойылғаннан кейін, аурушаңдық көрсеткіштерін еселеп төмендетуге қол жеткізілді. Бұрын жыл сайын «А» гепатитіне шалдығудың мыңдаған деректері анықталып келген еді. 2011 жылы жаппай иммунизация іске қосылып, сәтті жүзеге асырылғаннан кейінгі көрсеткіштер әлдеқайда төмендеді.

Атап айтқанда, өңірде 2000 жылы – 3 370, 2010 жылы – 759 жағдайға дейін көтерілген сырқаттанушылық көрсеткіші анықталды. Ал, екпе науқанынан кейін жылына 4 дерек тіркелетін жағдайға дейін төмендеді. Сондықтан, уақтылы жасалған вакцинация – дерттің дендеп кетпеуінің кепілі. «А» гепатитіне қарсы вакцинация тұрғылықты мекенжай бойынша емханаларда 2 жастағы және эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша қарым-қатынаста болған 14 жасқа дейінгі балаларға ақысыз негізде жүргізіледі.

- Әңгімеңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар