Вакцинация қарқынын баяулатып алған Шу қаласының әкімі қызметінен босатылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыо облысы әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте коронавирустың алдын алу мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында вакцинация шаралары және эпидемиологиялық жағдай бойынша облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің есебі тыңдалды.

Оның мәліметінше, бүгінде Тараз қаласы, Талас, Шу, Қордай, Жамбыл, Жуалы, Мерке, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандары әлі де қызыл аймақта.

Байзақ ауданы ғана сары аймаққа өткен. 31 тамызға дейін өңірде жалпы COVID-19 індетін 17 934 адам жұқтырған. Ал пневмонияның 6 865 жағдайы тіркелген.

Соңғы тәулікте КВИ-мен 35 азамат ауырса, пневмониямен 11 науқас ауруханаға түсіпті. Жалпы, 15 024 адам сауығып шыққан.

«Биылғы 16-23 тамыз бен 24-31 тамыз аралығындағы динамикаға көз жүгіртсек, КВИ белгілері бар науқастар саны азайғанын көреміз. Қазіргі таңда облыстағы ауруханаларда 3 634 инфекциялық, 416 реанимациялық төсек қоры, оған қоса 170 орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс істеп жатыр. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша резерв ретінде 1 126 инфекциялық, 85 реанимациялық төсек қоры ашылып, жұмылдырылатын болады. Қазір инфекциялық стационарларда – 1 780, жансақтау бөлімінде 161 науқас ем қабылдап жатыр. Карантиндік стационарларға 43 адам орналастырылған. Олардың денсаулық жағдайы тұрақты бақылауда», - деді басқарма басшысы.

Әсет Қалиев аймақтағы 18 жастан жоғары 582 000 адамның екпе алуы қажеттігін жеткізіп, бүгінде 377 068 азамат вакцина қабылдағанын мәлімдеді.

Жалпы, облыс бойынша 23 медициналық ұйымда 43 егу пункті бар. Олардың 15-і қалада, 28-і аудандарда орналасқан.

Ағымдағы жылдың ақпанынан бері облысқа 16 990 доза QazCovid-in, 341 700 доза Спутник V вакцинасының бірінші компоненті және 258 060 доза екінші компоненті, 60 000 доза «Хаят Вакс», 34 000 доза «КоронаВак» екпесі келді.

Жиын барысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласының әкімдеріне тағы да ескерту жасап, вакцинация бағытындағы шаруаларды жеделдетуді міндеттеді.

«Індет өршіп тұр. Ал екпе індеттің алдын алады. Ендеше неге бұл мәселеге салғырт қарайсыңдар?! Екпемен қамту – мемлекеттің тапсырмасы, тұрғындардың денсаулығының кепілі. Вакцинация көрсеткіші төмен Шу қаласы әкімін орнынан алуды тапсырамын. Егер шаруаны ширатпаса, ауыл әкімдеріне де осындай шара қолдануға мәжбүр боламыз», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар