Вакцинация: Екпеден босатуға негіз болатын аурулардың тізімі қысқартылғаны шын ба

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде вакцинаға қарсы медициналық көрсетілімдердің тізбесі өте тарылғаны туралы оқтын-оқтын шағым тарап жүр. Тіпті бұрын вакцинаға қарсы көрсетілім деп есептелген ауру түрлері корнавирусқа келгенде «қарсы айғақ» тізімінен шығарылды деген уәждер айтылып қалады. Осыған орай «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігі Денсаулық министрлігінің құзырлы органдарынан ресми түсініктеме сұрап, сауал жолдаған болатын.

Тізімнің қысқартылғаны шын ба?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің мамандары берген жауаптан түсінгеніміз, жалпы вакцина атаулыдан босататын қарсы айғақтардың бәрі коронавиурсқа да ортақ көрінеді. Дегенмен, індетке қарсы вакцинадан босату тәртібі ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы «Профилактикалық екпелерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығында аттың қасқасындай анық жазылған.

Түсінікті тілмен айтқанда, вакцинадан босатудың мынадай себептері бар:

а) Бұған дейін вакцина салғаннан кейін 48 сағат ішінде дене қызуы Цельсий өлшемімен 40 градусқа дейін, кейде тіпті одан жоғары көтерілу, әдеттегіден өзгеше, үш және одан да көп сағат бойы қатты жылау, дене мен мидың құрысып-тырысуы, сезім қабілеті мен естен айырылу сияқты ауыр реакциялар байқалса;

ә) вакцинаның алдыңғы дозасын енгізгеннен кейін немесе вакцинаның кез келген компонентіне 7 күнтізбелік күн ішінде ауыр аллергиялық реакция, кома, сананың бәсеңдеуі немесе ұзаққа созылған құрысу сияқты белгілер сезілсе және оның өзге себептері дәлелденбесе, коронавирусқа қарсы вакцинадан босатуға себеп болады.

Ал уақытша қарсы көрсетілімдері бар адамдар вакцинаны мынадай тәртіппен қабылдай алады:

1) Орталық жүйке жүйесінің менингит, энцефалит, менингоэнцефалит сияқты жедел аурулар үшін вакцинация толық сауыққаннан кейін бір айға дейін кешіктіріледі;

2) Бүйректің қанды сүзу қабілетін нашарлататын гломерулонефрит ауруы үшін вакцинациялау сауыққан соң 6 айға дейін кейінге қалдырылады, нефротиялық синдром үшін вакцинациялау кортикостероидтермен емделу аяқталғанға дейін кейінге қалдырылады;

3) Температураға байланыссыз ауырлығы орта және ауыр дәрежедегі жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар үшін вакцинациялау сауыққаннан кейін 2-4 аптадан соң рұқсат етіледі;

4) Әртүрлі патология кезінде стероидтерді, сондай-ақ иммундық-супрессивті қасиеттерге ие басқа да препараттарды қолданғандар да вакцинациядан уақытша босатылады. Лейкоздар, мүшелер мен тіндерді трансплантациялаудан кейінгі жағдайлар, апластикалық анемия, иммундық тромбоцитопения мамандардың қорытындысынан кейін көрсетілген басқа да қан аурулары бар пациенттерге вакцинаға уақытша қарсы көрсетілім туралы анықтама беріледі.

5) Созылмалы аурулардың өршуі және асқынуы кезінде вакцинация кейінге қалдырылады және тұрақты ремиссия кезеңінде емдеуден кейін жүргізіледі.

6) Үдемелі немесе тұрақсыз неврологиялық бұзылулар, бақыланбайтын құрысулар немесе үдемелі энцефалопатия болса, вакцинация емдеу аяқталғанға дейін және жағдай толық тұрақтанғанға дейін кейінге қалдырылады.

«КВИ-ға қарсы вакцинация ең алдымен динамикалық бақылаудағы созылмалы аурулары бар адамдарға ұсынылады. Мұндай адамдардың сырқатын коронавирус инфекциясы асқындырып жіберуі мүмкін. Тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Бұл адамдарға вакцинация негізгі аурудың белгілері барынша әлсіреген кезде жүргізіледі. Қазіргі уақытта осы санаттағы адамдарды барынша қорғау үшін КВИ-ге қарсы вакцинацияға қатысты халықаралық тәжірибе мен ұсыныстарды зерделеу жалғасуда», - деп жазылған жауапта.

Қарсы көрсетілім анықтамасын алу үшін тексеруден өту тегін бе?

Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің жауабына қарағанда, КВИ-ға қарсы вакцинацияға тұрақты/уақытша медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы туралы анықтама алу үшін тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерге қаралу қажет. Қажет болған жағдайда пациент бейінді маманға жіберіліп, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобаларының аясында зертханалық-аспаптық тексеру жүргізіледі.

КВИ-ға қарсы вакцинацияға тұрақты/уақытша медициналық қарсы көрсетілімнің болуы туралы анықтаманы дәрігерлік-консультациялық комиссия ресімдейді. Ол комиссия пациенттің медициналық құжаттарын, клиникалық-диагностикалық тексеру нәтижелерін, жүргізілген емдеу және медициналық оңалту нәтижелерін, еңбек, кәсіп жағдайлары мен сипатын бағалаудан кейін шешім қабылдайды.

Дәрігерлік-консультациялық комиссияның шешімі оны комиссия мүшелерінің көпшілігі қолдаса қабылданды деп есептеліп, хаттамамен ресімделеді. Соның негізінде комиссия хатшысы пациенттің қолына беру үшін «№026/е» нысанды анықтама толтырады.

Бұл құжат қанша мерзімге жарамды?

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы «Профилактикалық екпелерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығы бойынша профилактикалық егулерді жүргізуге қарсы көрсетімдер тұрақты және уақытша болып бөлінеді. Осының ішінде уақытша қарсы айғақтың мерзімін дәрігерлік-консультациялық комиссия әр науқас бойынша жеке қарап, шешім шығарады және қарсы көрсетілім мерзімдерін айқындайды.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, тұрақты қарсы көрсетілім болуына байланысты республика бойынша 8142 адам вакцинация ала алмайды. Ал уақытша қарсы көрсетілім бойынша 6545 адамның вакцина алу мерзімі кейінге шегерілген. Мұны ол бірыңай ақпараттық жүйедегі мәліметтер базасына сүйене отырып айтты.

«Вакцинадан ресми түрде бас тартқандардың саны 1642 адам. Алайда жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмыстарының арқасында бұл сан үнемі өзгеріске ұшырап, соңғы айда едәуір төмендеу үрдісі байқалған», - дейді Ержан Байтанаев.

Вакцинацияға қарсы медициналық көрсетілім беру көрсеткішітері өңірлер бойынша мынадай қалыптасқан:

Тұрақты қарсы көрсеткіштер: Павлодар, СҚО, Атырау, Шымкент – 854-тен 1200-ге дейін, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан – 525-тен 347-ге дейін, қалған өңірлерде – 65-тен 297-ге дейін тіркелген.


Соңғы жаңалықтар