Вакцинация аурудың ауыр өтуіне жол бермейді – әзербайжандық дәрігер

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат – Әзербайжанда күзге қарай коронавирус жұқтырғандар саны өседі. Мұндай пікірді әзербайжандық инфекционист дәрігер Нигяр Алиева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Трендке сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасы инфекциядан қорғануды арттырады және жалпы вакцинация аурудың ауыр өтуіне жол бермейді.

«Ауруды жұқтырушылар санының өсу себебі – соңғы уақытта адамдар ауруға салғырт қарап жүр. Қоғамдық орындарда маска тақпау және шектеулерді жеңілдету де ауру сананың өсуіне ықпал еткен факторлар қатарында. Менің ойымша, егер жағдай осы бағытта дамитын болса, онда бұрынғыдай қатаң болмаса да, белгілі бір шектеулер енгізілуі мүмкін. Коронавируспен күресудің жалғыз әдісі - вакциналау. Ауыр жағдайдағы науқастардың басым көпшілігі вакциналанбаған, ал қайтыс болғандардың арасында бұл көрсеткіш 95 пайызға тең. Күзге қарай бұл көрсеткіштер одан әрі артады», - деді Нигяр Алиева.

Айта кетейік, соңғы уақытта Әзербайжанда COVID-19 жұқтырғандар саны өсіп жатыр. Елдің министрлер кабинеті жанындағы жедел штабының мәліметінше, ауру жұқтырғандар саны кеше 1101 жағдайға жеткен. 9 адам қайтыс болған.

Әзербайжан үкіметі осыған байланысты азаматтарды вакциналау процесіне белсенді қатысуға шақырып жатыр.

Әзербайжан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім еткендей, әзербайжандықтар 16 тамыздан бастап ковид-паспорты болса немесе COVID-19-дан жазылғаннан кейін иммунитеті қалыптасса ғана әлеуметтік қызметтерді пайдалана алады.

Бұдан бөлек, 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елдің мемлекеттік құрылымында жұмыс істейтіндердің кем дегенде 80%-ы вакцинаның бір дозасын алуы керек, ал 2021 жылдың 1 қазанына дейін мемқызметкерлердің кем дегенде 80%-ы толық вакциналануы тиіс. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап жабық кеңістікте жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану объектілеріне, қонақүйлерге, ірі сауда орталықтарына COVID-паспорты болған жағдайда ғана кіруге болады.


Авторы: Серікбол Қошмағанбетов


Соңғы жаңалықтар