Вакцина дауына Сақташ Хасеновтің қатысы жоқ - АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов Сібір жарасына қарсы вакциналардың сынағы бойынша қылмыстық істердің қозғалғанын жеткізді.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолдановтың айтуынша, бұл іске пара үшін ұсталған Сақташ Хасеновтың қатысы жоқ, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ванкциналардың барлығы Қазақстанда шығарылған. Оның сынамаларын зертxанада тексерудің нәтижесінде вакциналардың сапасыз екені анықталды. «Жалпы, тексеріс кезінде вакциналардың қауіпсіздігі, тазалығы және ауруға қарсы иммунитеттің қалыптасуы зерделенеді. Сол вакциналарда иммунитет қуаттылығының төмендігіне, жоқтығына қатысты тиісті органдарға материалдар жіберілді», - дейді Т.Қабдолданов.

Оның сөзіне қарағанда, вакциналардың сапасыздығы биылғы сібір жарасының ушығып кетуіне себеп болған жоқ. Өйткені ауру мал көп жағдайда вакцинамен егілмеген болып шықты.

«Ал осы іске ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Хасеновтың қатысы бар ма?» деген сұрағына оның міндетін атқарушы Т.Қабдолданов: «Бұл мәселеге қатысы жоқ. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп жауап берді.
Айта кетейік, жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мамандары ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Хасеновты парамен ұстады. Ол Қазақстан аумағына ет өнімдерін кіргізуге рұқсат бергені үшін ай сайын пара алып отырған.

Сонымен қатар кәсіпкерлер ай сайын Қазақстанға кіргізілетін ет өнімдерінің әр келісі үшін Сақташ Хасенов пен оның сенімді өкілі Е.Решетькоға белгіленген баға бойынша қаржы төлеп келген. Хасеновтің заңсыз қолдауымен ел аумағына 2016 жылдың наурыз-қазан айларында 7,4 мың тонна құс еті ешбір кедергісіз кіргізілген.

Осылайша, Хасенов пен Решетько 37 миллион теңге жымқырған. Қылмыстық жолмен тапқан ақшасын Сақташ Хасенов жеке басының пайдасына жұмсаған. Қазан айында ол салоннан жол талғамайтын 2016 жылғы Toyota Land Cruiser 200 автокөлігін сатып алған. Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзаxметовтың айтуынша, Сақташ Хасеновты қазіргі қызметінен әлі босатқан жоқ. Себебі заң бойынша сот шешімі шығуы керек.

Соңғы жаңалықтар