Вакцина алған жамбылдықтардың саны 342 мыңннан асты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен коронавирустың алдын алу жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, вакцинациялау барысы және мониторинг топтарының жұмысы қаралды

«Осыдан бір апта бұрын өткен жиында жағдайды жақсарту, екпе егу қарақының арттыру және мониторинг топтарының жұмысын күшейту бойынша орынбасарларыма, қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырма берген болатынмын. Дегенмен, ол тапсырмалар тиісті деңгейде орындалмағанын көріп отырмыз. Қазіргі таңда облысымызда КВИ жұқтырғандардың саны 16 700-ден асса, өткен тәулікте 191 адам дертке шалдыққан. Инфекциялық стационарлардағы төсектердің толтырылуы 58 пайызды құраса, жансақтау бөлімі бойынша 43 пайызға жетіп отыр. Жалпы, ахуал мәз емес. Әсіресе, Тараз қаласындағы жағдай көңіл көншітпейді», - деді аймақ басшысы.

Жамбыл облысындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Тараз қаласы, Шу және Қордай, Талас аудандары «қызыл» аймақта десек, Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандары «сары» аймақта орналасқан. Ал, Меркі мен Мойынқұм аудандары «жасыл» аймақта.

Бердібек Сапарбаев оң нәтижеге қол жеткізу үшін вакцинациялау жұмыстарын жеделдету маңыздылығын баса айтты.

Жалпы облыс бойынша, 582 000 адамды екпемен қамту жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 342 142 тұлға екпе алып, 58,8 пайызға жеткен. Облыстық көрсеткіштен төмен қалып отырғандар: Тараз қаласы – 48,9 пайыз, Шу ауданы – 56,7 пайыз, Қордай ауданы – 57,8 пайыз.

«Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша вакцина алғандар саны 146 357 адамға жетіп отыр. Біз бұл көрсеткішке өткен аптада бізге берілген 170 мың адамның тізіміне сәйкес әрбір мекен-жай бойынша үйлерді аралап, базаға енбей қалған немесе өзге өңірлерден вакцина қабылдап келген адамдардың тізімін жаңарттық. Аталған жұмыс әлі күнге дейін жалғасын тауып, осы аптада толығымен аяқтау көзделуде», - деді өз сөзінде Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев.

Аймақ басшысы, тиісті министрлікпен және статистика агенттігімен жүйелі жұмыстың жоқтығын алға тартты. Қоғамдық көлік, базар, ірі сауда орындарда маска режимінің сақталмай отырғанын, тұрғындардың кіріп-шығуы Ashyq бағдарламасы бойынша жүзеге аспай отырғанын көрсетіп, мониторинг топтарының жұмысын сынға алды.

«Мен өзімнің тиісті орынбасарларыма осы бойынша күніне екі рет жиын өткізуді тапсырамын. Таңертең берілген тапсырманың кешке орындалу көрсеткішін саралап отырыңыздар. Олай болмаған жағдайда, нәтиже қол жеткізе алмаймыз», - деп түйіндеді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар